Кентауда 6 жылу қазандығы жаңғыртылды
Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-тық бу-газ қондырғысы салынып жатыр. «Құрылыс аяқталған кезде аймақта энергия тапшылығы болмайды», – дейді жауаптылар. Жалпы өңірде инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірқатар жоба жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірге жұмыс сапары кезінде осы атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтік, инфрақұрылымдық және энергетикалық нысандарды аралап, жай-күйімен танысты.
Нұрлыбек Нәлібаев Сайрам ауданында салынып жатқан қуаты бу-газ қондырғысының құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Мамандар: «Ауқымды энергетикалық жоба іске қосылған кезде тек облысты емес, көршілес өңірлерді де электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады», - дейді. Президент Жолдауында 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жетуді стратегиялық міндет ретінде айқындап берді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары жауаптыларға жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Одан кейін Нұрлыбек Нәлібаев Кентаудағы №5 жылу электр орталығында болып, жылу желілерін жаңғырту жұмыстарымен танысты. 1952 жылы пайдалануға берілген орталықты аралап, қазандықтардың жұмысын көрді. Айта кетейік, жылу қазандықтары былтыр жаңғыртылды.
Саяхат Ыбышев, Жылу энергия орталығының директоры:
– Мемлекет басшысының қолдауымен біз 6 қазандықты толық реконструкциядан өткіздік. Қазір қазандықтар қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Станцияда 4 қазандық жанып тұр. 50 гигакалория жылу қалаға беріліп тұр. Одан бөлек, 2 турбоагрегат жұмыс істеп тұр. 9,5 МГв электр энергиясын өндіріп жатырмыз. 4 қазандық резервте тұр. Машинист бір орнында отырып, барлық қазандықты автоматты түрде басқарады.
№5 жылу электр орталығы Кентаудағы 348 көпқабатты тұрғын үй мен 104 мемлекеттік мекемені және 460 коммерциялық нысанды мен 2 мыңға жуық жеке секторды жылумен қамтамасыз етеді. Қазір қаладағы тозығы жеткен 14,5 шақырым магистральдық және 14,6 шақырым ішкі орам желілерін жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.
Смадияр Сабыров, Кентау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м.а:
– Жалпы қала аумағындағы ішкі жылу жүйелерін жөндеуге 3 жоба әзірленіп, 2-і толық бітіп, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бір жылу жүйесі қалды. Ішкі жылу жүйелерін бітірген уақытта тозу деңгейін 45 пайызға дейін төмендетеміз. Одан бөлек, қала аумағында 38,6 шақырым магистральды желі бар. 28 шақырымнан астамы күрделі жөндеуден өткен. Тозу деңгейін 17,3 пайызға дейін түсіреміз деген жоспарымыз бар.
Перинаталдық орталық салынып жатыр
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Түркістандағы №3 перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратының құрылысымен танысты. Жоба Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында «Абу-Даби» даму қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылуда. Ауданы 17 мың шаршы метрден асатын медициналық кешен төрт блоктан тұрады. Мұнда 30 орындық жүктілік патологиясы бөлімі, 50 орындық босанғаннан кейінгі бөлім, босану және операциялық залдар, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері қарастырылған.
Нұрсұлтан Кенжебеков, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
– 80 орынға арналған облыстық перинаталдық орталық құрылысы жүргізіліп, қазір аяқталу үстінде. Осы биылғы жылы перзентхананы пайдалануға, халық игілігіне тапсыру жоспарланып отыр.
Көпбейінді аурухана құрылысы жүріп жатыр
Сапар аясында Нұрлыбек Нәлібаевқа облыс орталығында салынып жатқан 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысын көрді. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталып, ішкі әрлеу жүргізіліп жатыр. Мамандар жаңа аурухана өңір тұрғындарына жоғары технологиялық сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Өз кезегінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары мердігерлерге бірқатар талап қойып, құрылыс сапасын бақылауда ұстайтынын айтты.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
– Сапасы жақсы, бірақ бұдан да жақсартуға ескертпелерімізді айттық. Оның барлығын орындайтын болады. Бұл аурухана 2027 жылдың наурыз айында Наурыз мерекесінде ел игілігіне пайдалануға берілетін болады. Қазірдің өзінде 89 пайыз жұмыстары біткен. Ең соңғы үлгідегі мед құралдармен жабдықталатын болады. Тек Түркістан өңірі емес, осы қасындағы өңірлерге де қызмет көрсететін болады.
Сапар соңында Нұрлыбек Нәлібаев Түркістанда салынған жаңа тұрғын үйлердің жай-күйімен танысты. Нысандардың құрылыс сапасы мен жобалардың іске асырылу мерзіміне назар аударды. Әсіресе Кентау қаласының жылу желілерін жаңғыртуға қажетті қаржыландыру мәселесін шешу, медициналық нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру және әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалардың сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов