Дағыстандық донор қазақстандық бүлдіршіннің өмірін сақтап қалды

Дағыстандық жілік майының доноры осыдан үш жыл бұрын өмір сыйлаған жеті жасар баламен Алматыда алғаш рет жүздесті, деп хабарлайды «24KZ».

Бүлдіршін небәрі 3,5 жасқа толғанда оған «Апластикалық анемия» диагнозы қойылған болатын. Бұл - жілік майы өмірге қажетті маңызды жасушаларды өндіруді тоқтататын қанның ауыр дерті. Баланы аман алып қалудың жалғыз жолы жілік майын ауыстырып қондыру  еді.

Сәтін салып, ағзасы сай келетін донор Ресейден табылды. Екі елде тұрса да, донордың да, реципиенттің  де тегі дағыстандық болып шықты.

Бүгінде балақай 7 жасқа толды. Ол мектепке барып, бірінші сыныпты тәмамдады; қатарластарымен ойнап, болашаққа жоспар құрып, толыққанды өмір сүріп жатыр. Кездесу барысында Ахмет пен Абдулла қол алысып, құшақтасты. 

Нағыз қаһармандар - Дағыстан мен Қазақстанда осы кездесудің өтуіне себепкер болған дәрігерлер. Мен тек дәнекермін - Жаратқан бұл балаға көмектесу бақытын маған бұйыртқан екен -  деді 30 жастағы Ахмет Абдуллаев.

Жыл сайын елімізде балаларға 70-тен астам жілік майын ауыстыру отасы жасалады. 2026 жылдың наурыз айында  Астанадағы UMC Жүрек орталығында Қазақстан тарихында тұңғыш рет 15 жасар жасөспірім балаға жүрек ауыстыру отасы сәтті жасалды. Ағымдағы статистика бойынша, Қазақстанда әлі де 119-дан астам бала ағза ауыстыру кезегінде тұр.