Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға басымдық беріледі

Шілденің 1-нен бастап науқастардың электрондық құжатындағы ақпарат көлемі екі есеге ұлғаяды. 

Бұны Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордада өткен дәлелді медицина мәселелері бойынша халықаралық конференцияда хабарлады. Жаңашылдық пациенттердің өз денсаулығына қатысты толық ақпарат алуына мүмкіндік береді. Министрдің айтуынша, қазір медицина саласын цифрландыру қарқыны жоғары. Мәселен, рецепттердің 85 пайызы «Әлеуметтік әмиян» арқылы қамтамасыз етілді. Соның арқасында бюджет шығындары 3,5 миллиард теңгеге қысқарды. 

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Біз ауқымды ақпараттық жүйені қолданысқа бердік. Нәтижесінде дәрігерлердің жұмысы жеңілдеді. Бұл бастаманы одан әрі жалғастырамыз. Ресей мен Түркия елдерінің тәжірибесін назарға алып, үздік шешімдерді енгізіп жатырмыз. Дәрігерлердің үйге бару талабын алып тастадық – бұл міндет таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтін мобильді бригадаларға жүктелді. Сондай-ақ медицина ұйымдарының 33 пайызында шұғыл көмек көрсету кабинеттері ашылды.

Денсаулық сақтау саласын трансформациялау аясындағы маңызды өзгерістердің бірі скринингтік тексеулермен байланысты. Енді бұл процедуралар 76 жасқа дейін жасалады. Айта кетерлігі, қаңтардың бірінен бастап 50 жасқа толған ерлер инсульттің алдын алуға қажетті скринингтен өтіп жатыр. Мұндай тексерудің барлығы тегін әрі оларды өту үшін азаматтар ресми түрде жұмыстан босатылады. 

Жанар Ботағарина, ҚР ДСМ С.Қайырбекова атындағы ҰҒДСДО басқарушы директоры:

- Жұмыс беруші өзінің жұмыскеріне үш күндік демалысқа скринингке жіберіп, ол скринингке азаматтарымыз тек қана артериалды қан қысымы, оба ауруларына тексеріліп кететін. Біз онкоскрининг дегенді күшейттік. Сақтандырылған немесе сақтандырылмаған мәртебесіне қарамайды.