Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электрондық форматқа көшті

Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электрондық форматқа көшірілді. Енді қалған қызметтерді цифрландыру, оларды алу тәртібін жеңілдету және жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану көзделіп отыр. Қазір мемлекеттік қызметтер тізілімінде 1 476 қызмет түрі бар. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің басқарма басшысы Жанболат Шарапатов «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты. 

Оның айтуынша, биыл тамызда электрондық үкіметтің жаңа eGov 3.0 платформасы іске қосылды. Қазір мұнда 22 мемлекеттік қызмет қолжетімді, тағы 176 қызметті енгізу жоспарланған. Жаңа платформада әр қызметті қайта қарау, артық рәсімдер мен қадамдарды қысқарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп, қызмет алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Бірінші кезекте біз әрбір мемлекеттік қызметке реинжиниринг жүргіземіз. Цифрлық жүйелердің интеграциясы арқылы қажетсіз қадамдарды алып тастаймыз. Бұл халыққа қызметті қолайлы әрі ыңғайлы алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерін әзірлеу мен іске қосу үдерісі де жеделдетіліп жатыр. Биыл жаңа платформалық модельге көшіп, KazTech платформасы өндірістік пайдалануға берілді. Бұрын бір мемлекеттік қызметті іске қосу үшін жеке цифрлық жүйе әзірлеу қажет болса, енді дайын функционалдық модульдер мен сервистерді пайдалану арқылы оны іске қосуға болады. Нәтижесінде қызметтерді әзірлеу жылдамдығы екі есе артты, - деді Жанболат Шарапатов.

Ал бизнес өкілдеріне арналған eGov Business қосымшасында қазір 43 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Бұл сервистер кәсіпкерлерге қажетті қызметтерді бір терезе қағидаты бойынша алуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметтердің ішінде азаматтар электрондық цифрлық қолтаңба алу, жеке куәлік пен паспорт рәсімдеу, көлікті тіркеу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу және зейнетақыға қатысты анықтамаларды жиі пайдаланады.

Цифрлық қызметтердің ауыл тұрғындарына қолжетімділігін арттыру үшін де шаралар қолға алынған. Қазір елде 317 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар «Қазпошта» бөлімшелерінің 200-ге жуық нүктесінде мемлекеттік қызмет алу мүмкіндігі ұйымдастырылған. Ал 4 410 ауылда 4G мобильді байланысы бар. 2027-2029 жылдары бұл көрсеткішті 90 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр, - деді  Жанболат Шарапатов.

Спикердің айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарын жабу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Керісінше, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және электрондық қызметтерді өз бетінше пайдалануына көмектесу үшін орталықтар жаңа форматқа көшіріліп жатыр. Қазір тоғыз өңірде жаңартылған үлгідегі ХҚКО ашылған.

Мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетуде жасанды интеллект мүмкіндіктеріне де басымдық берілген. eGov Mobile қосымшасында іске қосылған eGov GPT сервисі азаматтарға қарапайым тілде сұраныс қалдырып, қажетті қызметті алуға көмектеседі. Қазір жүйеде 55 қызмет түрі бар, тағы алты қызметті қосу жоспарланған. Жасанды интеллект ассистенттері осы уақытқа дейін азаматтардың 2 миллионнан астам сұранысын өңдеген.

Сондай-ақ оқыңыз: