Алматылық хирург 12 мыңнан астам күрделі операция жасаған

Алматылық хирург Мұса Сахипов 35 жылда 12 мыңнан аса күрделі операция жасады. 

Профессор бүйрек және ұйқы безі ауруына шалдыққан науқастарды емдейді. Мұндай операциялар асқан дәлдікті қажет етеді. Сондай-ақ көпшілік оны өнертапқыш хирург деп атайды. Бүгінде оның қоржынында 9 патент бар. Дәрігер хирургияға жаңа техникалар мен тәсілдерді енгізген. 

Мұса Сахипов дәрігер болуды бала күннен армандапты. 16 жасында медициналық институтқа түседі. Өзінің еңбек жолын әскери хирург болып бастапты. Кейін ауруханаға ауысады. Ол осы уақыт ішінде мыңдаған науқастың өмірін сақтап қалды. Профессорға жүгінетін көпшілік науқас күрделі санатқа жататын жүкті әйелдер. Сонымен қатар ол бірнеше жылдан бері жас мамандарға білгенімен бөлісіп келеді. Ғалым хирургияны таңдаған студенттерге арнап 20-ға жуық оқу құралын дайындаған. Сондай-ақ 130-дан астам ғылыми жұмыс жазған.

Мұса Сахипов, №7 ҚКА хирургия бөлімінің меңгерушісі:

-  Мен дәрігер әрі сарапшы ретінде халыққа пайдалы кеңестер беремін. Мұның басты мақсаты – адамдар арасында медициналық сауаттылықты арттыру. Сондай-ақ жас мамандарға бағыт-бағдар беру. Егер пациенттерге қандай да бір көмегім тиіп, олардың денсаулығын сақтап қалсам, болмаса белсенді әрі бақытты өмір сүруіне ықпал ете алсам, бұл мен үшін үлкен қуаныш.

Профессор Мұса Сахипов әлі күнге дейін білімін жетілдіріп келеді. Ол АҚШ, Германия, Израиль, Түркия сияқты елдерде біліктілігін арттырған. Сонымен қатар дәрігер өзінің әлеуметтік желісін белсенді жүргізеді. Қазір оған 395 мыңнан астам адам тіркелген. Профессор жеке парақшасында аурудың алдын алу жолдарын көрсетеді. Кейде әзілдеп видео түсіреді. 

Ол өнерден де құр алақан емес. Хирург скальпельді ұстауды ғана емес, гитараның аккордтарында жетік меңгерген.

Қуантхан Жайырбаев, №7 ҚКА хирургия бөлімінің хирургі:

- Он бірінші жылы Мұса Мендібаевич біздің больницаға келді. Бұл кісі келгеннен кейін бұрын Хирургия институтында істеген көптеген жаңалықтарды кіргізді. Көптеген жаңа операциялардың түрін енгізе бастады. Тәжірибе жүзінде жаңа аппараттардың барлығын алдырып, соның арқасында бір жылдан кейін пересадка почки, пересадка печениге шыға бастады.

Бүгінде Мұса Сахиповтың бірнеше халықаралық марапаты бар. Ол «Алтын дәрігер» және «Алтын скальпель» атақтарына ие. Ал ең бастысы дертіне шипа тапқан 12 мыңнан аса науқастың алғысы. 

Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов