Алматыда «Мұхтар Шаханов оқулары» өтті
Алматыда мектеп оқушылары арасында алғаш рет «Мұхтар Шаханов оқулары» өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Дарынды оқушылар көрнекті ақын, драматург, композитор және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін шырқады. Әдеби байқауды жаратылыстану-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастырды.
Оқушылар үшін бұл тек өнер сайысы емес, жарқын тұлғаның шығармашылығымен тереңірек танысуға мүмкіндік берген рухани кездесу. Іс-шараға ақынның жары Ханшайым Шаханова қонақ ретінде шақырылды. Ал аңыз ақынның көзін көрген, шығармашылық байланыста болған өнер өкілдері байқауда қазылық етті.
Ханшайым Шаханова, Мұхтар Шахановтың жары:
– Бүгін Мұхаңсыз көпшіліктің алдына бірінші рет шығып, еліміздің ең үздік білім мен ғылымның қарашаңырағына келіп отырмын. Оқушылардың қадамына нұр бітсін, әрқашанда жұлдыздары биіктен жанып, бақытты болсын, аман болсын, дендері сау болсын, ұстаздарын қуанта берсін!
Байқауға Назарбаев зияткерлік мектебінің өңірлердегі филиалы, Алматы қаласы мен Алматы облысының жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары қатысты. Әуелгіде өтінім берген 1300 баладан ақтық сынға 95 жас дарын іріктелген. Әдеби байқау төрт аталым бойынша өтті. Өнерлі оқушылардың бір тобы Шахановтың поэзиясын нақышына келтіріп оқыса, ақынның ізін басқан таланттар өздері жазған өлеңдерін ұсынды.
Нұрбек Жангабоев, Алматы – Медеу NIS дарынды балалармен жұмысты үйлестіруші:
– Үшінші номинация «Шамын жақсам ғылым менен өнердің» деп аталады. Біз Назарбаев зияткерлік мектебі болғаннан кейін заманауи технологияларды қолдану, интернет кеңістікте әдеби шығармаларды насихаттауға біз бір қадам жасадық. Бұл буктрейлер жасау номинациясы деп аталады. Оқушылар жақсы кәсіби жұмыстар дайындаған. Түсірілім жағынан, операторлық жұмыс жағынан жарық қою, режиссерлік шешім жағынан оқушылардың жұмыстары ерекше бір жақсы дүниелер дайындаған.
«Әнім ән боп самғайды» аталымында жас дарындар ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады. Бір қызығы, қатысушылардың көпшілігі Мұхтар Шаханов сөзін жазған, Шәмші Қалдыаяқовтың «Өмір өзен» әнін таңдапты. Ақынның әнге айналған өлеңдері бірнеше буынның жүрегінен орын алды. Бүгінде сол туындыларды жасөспірімдердің орындауы – ақын мұрасының жаңа буынмен бірге жасай беретінін көрсетті.
Байқауды қорытындылаған қазылар алқасы үздік өнерпаздарды жариялады. Жеңімпаздар демеушілер ұсынған сыйлықтармен марапатталды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев