Өскемендік нейрохирургтер операцияның жаңа түрлерін игеріп жатыр

Өскемендегі облыстық мамандандырылған медициналық орталықта жоғары технологиялық операциялардың жаңа 12 түрі енгізілді.

Бұрын тек Астана мен Алматыда жасалған ми мен жұлын операциялары енді өңірде де жасалады. Жоғарғы санатты нейрохирургтің жетекшілігімен биыл мыңнан астам операция сәтті өтті.

Жіңішке қан тамырларына жасалатын операциялар барынша тиянақтылықты қажет етеді. Мұндай хирургиялық әдіс заманауи қуатты микроскоптардың көмегімен жүргізіледі. Жоғары санатты нейрохирург Жандос Уаптың қабылдауына әр өңірден науқастар келеді. Жақында көптеген ауруы бар 70 жастағы кісіге операция сәтті жасалды. Мұндай жетістіктің негізінде тәжірибе мен үздіксіз дайындық жатыр. Дәрігерлер Еуропаның жетекші клиникаларында біліктіліктерін шыңдайды.

Жандос Уап, мамандандырылған медициналық орталықтың жоғарғы санатты нейрохирургі:

- Бізде Қазақстанның медицинасы дамып келе жатыр, бір орында тұрған жоқ. Біздің бөлімшеде де дәрігерлер өздерінің мына тәжірбиесін жоғарылатып, деңгейін жоғарылатып, жыл сайын жаңа технологияларды енгізіп келе жатырмыз. 

Лариса Баранович ауруханаға келгенде мүгедектер арбасына таңылған. Омыртқасындағы дерт салдарынан өздігінен жүріп тұра алмайтын. Енді үйіне балдақтың көмегінсіз қайтуды көздейді.

Лариса Баранович, қала тұрғыны:

- Бұл бөлімге түскеніме өте қуаныштымын. Дәрігерлердің науқастарға деген қарым-қатынасы жақсы. Барлық жұмыс нақты ұйымдастырылған, тәртіп бар жерде нәтиже де болады. Жоғары технологиялы операциялар кейде 10 сағатқа дейін созылады. Осындай сәттерде дәрігерлер операциялық бөлмеден тәулік бойы шықпайды.

Мәриам Құсманова, мамандандырылған медициналық орталықтың анестезиологы:

- Бізде қазіргі таңда инновациялық медицина бөлімшесінде 68 жастағы әйел адам түскен болатын. Соған бас миына күрделі операция жүргізілуде, шамамен 10 сағат деп жоспарланып отыр. Науқас жалпы наркозда.

Шығыс Қазақстан облысының кейбір шалғай аудандарына көлікпен жету оңай емес. Өскемендегі мамандандырылған медициналық орталықтың дәрігерлері тәулік бойы қызмет атқарады. Күн сайын мұнда 25-тен астам операция жасалады. Шұғыл шақыртуларға мамандар тікұшақпен аттанады. Кейде экстремалды жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Бірақ адам өмірін сақтап қалу – олардың күнделікті еңбегі әрі басты миссиясы.

Карина Хаберова, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов