Ұлттық онкология орталығы қатерлі ісікке тікелей әсер ететін тамырға операция жасайды
Астанадағы ұлттық ғылыми онкология орталығының тамыр хирургиясында жыл сайын 800-ден астам операция жасалады.
Ашық ем-дом шарасы тым қауіпті болғанда ақ халаттылар заманауи тәсілдерді қолданады. Яғни олар қатерлі ісікке тікелей әсер ететін қан тамыры арқылы ем жасайды.
Көкшетаулық Күнсұлу Сәрсенбаеваның қант диабетімен ауырғанына 20 жылдан асқан. Соңғы кездері сырқаты сыр беріп, аяғына зақым келген. Ем қабылдамаған жағдайда аяғына қан жүрмей, ауруы асқынып кетер еді. Бұған алаңдаған жергілікті дәрігерлер кейуананы Астанаға жіберді. Көп күттірмей елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында операция жасалды.
Күнсұлу Сәрсенбаева, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Аяғым көгеріп, мұздай бастады, жүру қиындады. Тіпті Көкшетаудағы дәрігерлер аяғымды кесіп тастамақ болды. Бірақ олар бата алмай, қан тамырлары хирургиясының ғылыми орталығына барыңыз деді. Бұл жерде ұйқы артериясына бір рет операция жасады, төменгі аяқ-қолға екі рет шунттеу және екі рет баллонды пластика жасады. Қазір өзімді жақсы сезінемін, тек әлі ісік бар, өйткені операцияны жақында ғана жасады.
Тамыр хирургиясы орталығына күн сайын қосалқы диагнозы бар пациенттер түседі. Науқастарда жиі асқынулар туындап, тромбоз дамиды. Соның салдарынан ем алушылар сырқатын емдеуді жалғастыра алмайды. Өйткені алдымен қан айналымын қалпына келтіру қажет. Жыл сайын дәрігерлер қан тамырына 800-ге жуық операция жасайды.
Ирлан Сағындықов, тамыр хирургиясы орталығының меңгерушісі:
- Біздің онкологиялық орталықта онкологиялық патологиясы бар және негізгі тамырлары зақымданған науқастарды емдеп, оларға ота жасаймыз. Яғни пациенттің онкологиялық ауруымен қатар негізгі тамырларының да зақымдануы болады. Біз бұл адамдардың негізгі қан ағымын қалпына келтіруге көмектесеміз немесе оларды инсульттан профилактикалық қорғауды жүзеге асырамыз. Операцияның өзімізге тиесілі бөлігін аяқтағаннан кейін бұл пациенттерді әрі қарай онкологтарға тапсырамыз.
Ұлттық ғылыми онкология орталығында ота аз инвазивті әдіс арқылы жүргізіледі. Бұл тәсіл жарақатты азайтып, операциядан кейінгі асқынулар қаупін төмендетуге және сырқаттанушылардың сауығу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Тоқан Сұлтаналиев, ҰҒОО хирургия бойынша бас кеңесшісі:
- Жүрек және қан тамырлары хирургиясы медицинадағы ең күрделі операциялардың қатарына жатады. Өйткені адам ағзасында қан тамырсыз орган жоқ. Адам денесі қан тамырлар арқылы «қоректенеді». Қан тамыр хирургиясында жақсы маман болу үшін қан тамырлар жүйесін түгел білуге тиіссің. Айталық, пациенттің басына операция жасау үшін неврологияны, нейрохирургияны, офтальмологияны, мұрын, көз қан тамырларын, кеудеге жасар болсаң кардиологияны, пульмоногияны, бәрін білуің керек. Онсыз операция жасай алмайсың. Кез келген хирург ота кезінде қанның тоқтамауынан қорқады. Өйткені қанды тоқтату кез келген хирургтің қолынан келмейді.
Былтыр ғылыми орталықта 300-ге жуық химиоэмболизация операциясы жасалды. Дегенмен, елордалық ақхалаттылар басқа да заманауи әдістерді сәтті қолданып жүр.