Шетелде ота жасатқан алматылық әйел көру қабілетінен айырылып қала жаздады
Алматы қаласының тұрғыны косметикалық мақсатта көзінің түсін өзгерту үшін шетелде ота жасатқаннан кейін ауыр асқынуларға тап болды, деп хабарлайды «24KZ».
Отадан кейін әйелде глаукома мен мөлдір қабықтың бұлдырлануы дамып, соның салдарынан бір көзі мүлдем көрмей қалған, ал екінші көзі тек жарықты ғана ажырата алған. Нәтижесінде оған I топтағы мүгедектік белгіленген.
Көмек іздеген науқас Қазақстандағы және шетелдегі бірнеше клиникаға жүгінгенімен, мамандар оның көру қабілетін қалпына келтіруге тәуекел етпеген. Ауыр жағдайды Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмолог дәрігері Гүлзат Әбдірайымова қабылдап, күрделі операция жасаған. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайын көзішілік қысымның жоғары болуы қиындатқан, ал операция кезінде көру қабілетін толық жоғалту қаупі болған. Соған қарамастан мамандар көзішілік қысымды төмендетуге бағытталған антиглаукомалық операция жасап, мөлдір қабықты трансплантаттауды жүзеге асырды. Операция нәтижесінде көзішілік қысым төмендеп, көру қызметі ішінара қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта пациент дәрігерлердің бақылауында және оңалту курсынан өтуде.
– Маған қайтадан жарық дүниені көруге мүмкіндік берген кәсіби білікті дәрігерлерімізге зор алғысымды білдіремін, – деді пациент.
Мамандардың айтуынша, мөлдір қабықты трансплантаттау – офтальмологиядағы ең күрделі операциялардың бірі. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында мұндай оталар донорлық бағдарлама аясында жүргізіледі. Жыл басынан бері 12 осындай операция жасалған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз