Қонаевта кардиологиялық орталық ашылды

50 кереуеттік медицина мекемесі облыс тұрғындарына тәулік бойы қызмет көрсетеді. 

«Мұндай жоғары технологиялы нысанның іске қосылуы – уақыт талабына сәйкес қабылданған маңызды шешім», - дейді жауапты мамандар. 

Қонаевтағы кардиологиялық орталықтың құрылысына 3 млрд теңге жеке инвестиция салынды. Халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында соңғы үлгідегі жүзден астам медициналық жабдық сатып алынды. Ангиограф, электрофизиологиялық зерттеу аппараттары мен компютерлік тамографтар да бар. 200 медицина қызметкері тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бекарыс Жали, инвестор:

- 2025 жылы Алматы облысының әкімдігімен ынтымақтастыққа қол қойып, 2025 жылдың сәуір айында құрылысты бастап кеттік. Сол бір жылдың көлемінде біз толықтай құрылыс жұмыстарын аяқтап, бүкіл керекті жабдықтауды жасап, орталықты іске қостық.

Өңірлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мен жоғары технологиялық орталықтар желісін дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Қонаевта заманға сай орталық ашылуы халықтың өмір сапасын арттыруға және жүрек-қан тамыр ауруларымен күресті күшейтуге бағытталған нық қадам іспетті.

Ержан Сүлейменов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұл жерде кардиологиялық аурулардың барлығына диагностика жүргізіліп, ем жасалады. Сондай-ақ стент қою және АКШ операциялары орындалады. Бұл орталық тәулігіне 150 адамға дейін қабылдайды. Жылына 3 мыңнан астам операция жасауға мүмкіндігі бар.

Мұнда диагностикадан бастап күрделі хирургиялық операцияларға дейін толық циклді медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Ол өз кезегінде облыс тұрғындарының басқа өңірлерге немесе алыс шетелге бармай-ақ, сапалы медициналық көмекті өз аумағында дер кезінде алуына мүикіндік береді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай