Қазақстанда 2027 жылға дәрі-дәрмек сатып алу ерте басталды: бұл нені білдіреді?

Фото: depositphotos.com

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторымен бірлесіп 2027 жылға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу науқанын мерзімінен үш ай бұрын бастады, деп хабарлайды «24KZ».

Биыл сатып алу рәсімдері алғаш рет 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылды. Ал стационарлық медициналық көмек көрсетуге арналған жұмыстар 22 маусымнан бастап жүргізілуде.

Ведомствоның мәліметінше, мұндай ерте бастама жеткізушілермен келісімшарттарды алдын ала жасауға, дәрі-дәрмек қорын уақытылы қалыптастыруға және медициналық ұйымдарды 2027 жылдың алғашқы күндерінен бастап үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дайындық кезеңінде нормативтік-құқықтық база жаңартылып, баға белгілеу тетіктері жетілдірілді. Сонымен қатар өңірлік денсаулық сақтау басқармалары медициналық ұйымдардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып өтінімдер қалыптастырды. Жеткізу көлемі мен мерзімдері де нақты жоспарланған.

2027 жылға арналған жоспар бойынша елімізде жалпы 2 174 атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу көзделіп отыр.

Министрлік бұл қадамды халықты қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі ретінде атап өтті.

Мамандардың айтуынша, сатып алу науқанының мерзімінен бұрын басталуы жоспарлау сапасын арттырып, жеткізілімдердің уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтудағы ықтимал үзілістердің алдын алуға көмектеседі.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз