Фосфор зауытында ауыр өндірістік жарақат алған жұмысшы өтемақыдан қағылып отыр

Жамбыл облысындағы кәсіпорындарда жыл басынан бері 24 жазатайым оқиға болды.

Салдарынан 7 адам көз жұмып, 32 жұмысшы жарақат алды. Осыған байланысты еңбек инспекциясы  96 кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігін  тексеріп шықты.  Жұмыс барысында жарақат алғандардың көбі әлі күнге дейін  тиесілі өтемақы  алмаған. Жұмыс берушінің көбі өз міндетін өтеуден қашады.  

Сұлтанбейбарыс Бескемпіров «Жаңа Жамбыл» фосфор зауытына 2024 жылы жұмысқа тұрады.   Цехтағы автоматты желіге жауапты маман 5 мамыр күні өндірістік пеште болған жарылыстан жарақат алды. 1800 градус ыстықтан ұшқан темір жұмысшының бетіне тиген. Салдарынан ол ауыр жарақат алды. Қазір жұмысқа жарамайды.

Сұлтанбейбарыс Бескемпіров, қала тұрғыны:

- Басымның жартысы сезілмейді. Басымның мына жердегі сүйектері шытынап кеткен. Соның бәрін салды. Жағым салынбады. Оны салса көзім астыға түсіп кетеді деп. Қазір аузымды аша алмаймын. Тамақ жей алмаймын. Тістерімнің бәрі былай жылжып кеткен. Труба кірген кезде құлағымды напормен ішінен қан тесіп шыққан. Құлағымның барабаны жоқ жартысы. Қазір құлағым естімейді.

Сұлтанбейбарыс кәсіпорын берген қорғаныш құралдары талапқа сай болғанда, мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді, дейдІ.

Сұлтанбейбарыс Бескемпіров, қала тұрғыны:

- Техникалық талап дегенде жұмыскер жағынан менен бәрі сақталып тұр. Менде маска да бар,  форма да бар. Аяғымда аяқ киім де бар. Қолымда қолғап та бар. Бізде указание де бар. Сол арқылы жұмыс істедік. Сол жағдай болып тұр бетіме труба қадалып тұр. Егер маска форма басқаша болғанда, мүмкін басқаша жағдай болар ма еді.

Өндірісте жарақат алған жұмысшы әлі күнге өтемақы ала алмай жүр. Айтуынша, кәсіпорын басшылығы алғашқыда ем-домға 100 мың теңге берген. Ал бас сүйектің ішінде қалған темірдің жарықшақтарын алып, жақ сүйегі мен есту қабілетін қалпына келтіру үшін қомақты қаржы керек. Алайда зауыт өкілдері емделуге қажетті қаржыны оның қолына беруге келіспей отыр. Тек келісімшарт негізінде клиникаға тікелей төлейміз дейді. Ең сорақысы, жұмысберуші зардап шеккен жігіттен әр тиынның есебін алмақ.

Тұрғымбай Жүсіпов, "ЖЖФЗ" ЖШС әкімшілігінің басшысы:

- Біз зардап шеккен қызметкер, клиника және кәсіпорын арасында келісім жасауға дайынбыз. Қажет болған жағдайда ем-шара шығындарын тікелей клиникаға төлеу мәселесін қарастырамыз. Бірақ алдымен талап етіліп отырған 30 миллион теңгенің нақты қандай шығындардан құралғанын түсінуіміз керек. Ол үшін клиниканың коммерциялық ұсынысы немесе тиісті құжаттар ұсынылуы қажет. Ол отандық немесе шетелдік клиника болса да мейлі.

Оқиғаны тергеп тексеру үшін арнайы коммиссия құрылған. Жан-жақты зерделеу жұмыстарының нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсі толық дәлелденді. Жалпы жыл басынан бері облыстық еңбек инспекциясына 1000-нан астам арыз түскен. Оның басым бөлігі жалақысын ала алмаған және заңсыз жұмыстан босатылған азаматтардың шағымы.  Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына қатысты деректер  бар. Осыған байланысты 96 мекемеде тексеріс жүргізілді.

Жанат Мұқатаева, мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы:

- Тексеру жүргізілді бізде. 113 заң бұзушылық анықталды. Заң бұзушылықты жою үшін 63 міндетті орындалуға жататын нұсқама берілді. Және де осы заң бұзушылыққа әкеп соққан әкімшілік айыппұл салынды. 6,6 млн теңге көлемінде. 32 іс қозғалды. 700-ден астам адамның құқығы қорғалып, жалақы қарызы өндіріліп берілді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 703 адамның құқығы қорғалды. Жұмысшыларға 331 миллион теңге жалақы қарызы қайтарылды.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә