Қордай ауданында қайтарылған активтер есебінен үш әлеуметтік нысан ашылды
Жамбыл облысының Қордай ауданында заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару есебінен жалпы құны 3,5 млрд теңге болатын үш әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында дәрігерлік амбулатория мен екі ауылдың жаңа су жүйесі бар. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Атап айтқанда, Үлкен-Сұлутөр ауылында дәрігерлік амбулатория, Алға және Қарасай батыр ауылдарында жаңа су жүйелері іске қосылды.
Прокуратураның мәліметінше, Қарасай батыр ауылындағы су жүйесі – қайтарылған активтер есебінен және прокуратура органдарының қадағалауымен өңірде жүзеге асқан үшінші жоба.
Аталған жобалар тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға және ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.