Елде 1,7 млн адам скринингтік тексеруден өтті

Артериялық гипертония мен жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға скрининг ықпал етті. 

Былтыр 1 млн 700 мыңнан аса адам тиісті тексерістен өткен. Нәтижесінде 114 мыңнан астам азаматтың қан айналым жүйесінде кінәраттың бары анықталды. Осылайша, 99 мың науқасқа артериялық гипертония, ал 15 мыңына жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылды. Айта кеткен жөн, былтырдан бастап скрининг бағдарламасы заманауи жоғары сезімтал диагностикалық әдістермен толықтырылды. Бұл ауруды анықтау сатысын арттырып, ем-шараны анағұрлым ерте бастауға жол ашты. Бүгінде елде 2 млн-ға жуық науқас жүрек қан тамыр аурулары бойынша динамикалық бақылауға алынған. Тұрақты медициналық бақылау мен қауіп факторларын қадағалау және қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету дендеген дерттің асқынуын ауыздықтауға мүмкіндік береді.