28 шілдеден бастап Қазақстанда скрининг өтудің жаңа ережелері күшіне енеді
Денсаулық сақтау министрлігі скринингтік зерттеулердің тізбесіне өзгерістер енгізіп, оларды өткізу ережелерін жаңартты. Жаңа бұйрық 28 шілдеден бастап өз күшіне енеді, деп хабарлайды «24 KZ».
Басты жаңалықтардың бірі – өкпе қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған скринингтің енгізілуі. Бұл тексеруден 50 мен 70 жас аралығындағы (50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68 және 70 жастағы) азаматтар өтеді.
Темекі шегу стажы кемінде 20 жыл болғандар;
Темекіні тастағанына 15 жылдан аспаған бұрынғы шылымқорлар;
Соңғы 10 жылда зиянды өндірістік жағдайларда жұмыс істеген азаматтар.
Жұмыс беруші қызметкерге скринингтен өту үшін жұмыс уақытында босатуға міндетті. Бұл ретте қызметкердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады.
Тіркелген халық саны 30 мыңнан асатын емханаларда скринингтен өтуді мониторингтейтін арнайы орталықтар құрылады. Қажет болған жағдайда тексерулер жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздар арқылы да жүргізіледі.
Егер азамат қандай да бір себептермен (ауырып қалу, жүктілік, шетелге шығу т.б.) скринингтен өз уақытында өте алмаса, оны келесі күнтізбелік жылы өтуіне мүмкіндік беріледі. Ал тексеру барысында дерт белгілері анықталса, пациент қосымша диагностикаға жіберіліп, диспансерлік есепке алынады.