Қазақстанда алты айда 150 ағза трансплантациясы жасалды

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда 150 ағза трансплантациясы жасалды, деп хабарлайды «24KZ».

Жүргізілген оталардың басым бөлігі, яғни 121-і тірі донорлардан жасалса, 29-ы қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан алынған. Осы аралықта дәрігерлер 108 бүйрек, 31 бауыр, 5 жүрек, 2 өкпе және 4 көздің қабығын (роговица) сәтті ауыстырды. Сондай-ақ алты ай ішінде 108 мәйіттік донор анықталып, 7 жағдайда бірнеше ағзаны қатар алу орындалған.

Отандық медицинаның мүмкіндігі артқанымен, елде ағза тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Мамыр айындағы мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта трансплантацияның күту тізімінде 4 739 пациент тұр, олардың 125-і - балалар. Кезекте тұрғандардың басым көпшілігі, яғни 4 208 адам бүйрек ауыстыруға мұқтаж. Бұдан бөлек 293 науқас бауыр, 208 адам жүрек, 30 пациент өкпе және 5 адам «жүрек–өкпе» кешенінің донорын күтіп жүр.

Алайда қоғамның қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа көзқарасы әлі де күрделі. Бүгінгі таңда Электрондық үкімет (eGov) порталы арқылы 172 283 азамат өз позициясын білдіргенімен, олардың тек 16 109-ы (шамамен 9,3%) қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берген. Ал 156 174 азамат бұл бастамадан ресми түрде бас тартқан.

Бүгінде Қазақстанның трансплантация қызметінің инфрақұрылымы 20 өңірді, 40 донорлық ұйымды және 11 трансплантациялық орталықты қамтиды. Соңғы екі жылда 500-ге жуық медицина маманы біліктілігін арттырып, халықаралық тәжірибелерді енгізуді жалғастыруда. Дегенмен, бұл саланы дамыту - тек дәрігерлердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Донорлық мәдениетті қалыптастыру мен ашық диалог қана өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан мыңдаған отандасымызға аман қалуға мүмкіндік береді.