Астанада «4739» деректі фильмінің премьерасы өтті

«Хабар» агенттігі түсірген туындыда ағза трансплантациясы, трансплантолог-дәрігерлердің еңбегі және өмірлік маңызы бар операцияны күтіп жүрген адамдардың тағдыры туралы баяндалған. 

«Хабар» агенттігі түсірген «4739» деректі фильмін тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Олардың қатарда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, белгілі дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, реципиенттер мен олардың отбасылары, сондай-ақ фильмнің авторлары мен кейіпкерлері бар. Премьера алдында сөз алған Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы еліміздің басты құндылықтарының бірі екенін үнемі атап көрсететінін айтты. Деректі фильмде көтерілген тақырыптың өзекті екенін залдағы көрермендердің ыстық ықыласынан да білуге болады.

БЛИЦ

- Деректі фильм өте жақсы түсірілген. Енді осыдан кейін біздің халықтың жүрегіне үн түседі деп ойлаймын. Өйткені қазір бізде мәйіттік донорлық өте аз.

- Фильм ұнады. Негізінен мен көп жыл осы сұрақты ойланып жүргем. Халыққа жеткізу керек. Бір мақала оқығам 3-4 жыл бұрын. Негізінен өте дұрыс. Көп халықтың түсінігі ғылыми түрде кішкене жетіспей жатады. Сондықтан өте қажетті біздің елімізге.

- Бүгінгі фильмнен алған әсерім өте керемет. Неге? Себебі бұл фильм менің жан-дүниеме жақын. Себебі фильмде айтылған бар ақпарат, сол нәрселер менің басымнан өткен. Аптасына үш рет диализ аппаратына тәуелді болдым.

Фильмнің режиисері Берік Шарав мырза түсірілім кезінде науқас жандардың жүрегін жаралап алмауға тырыстық дейді.

Берік Шарав, 24KZ телеарнасының режиссері:

- Түсірілім барысында ешқандай қиындық болды деп айта алмаймын. Қиындық болған сәт тек біздің фильмнің бас кейіпкерлерімен жұмыс істеген кезде оларды жеткілікті түрде ашу, оларға дұрыс подход тауып деген сияқты ғана. Және де тақырыпты керекті тұстарын дәл көрсету. Сол ғана ең басты қиындық болған шығар.  

Фильмнің «4739» деп аталуының өзіндік мәні бар. Бүгінде ағза трансплантациясын күту тізімінде дәл осынша адам тұр. Олардың басым көпшілігі үшін трансплантация өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. 

Жақсылық Досқалиев, трансплантолог ғалым:

- Мен ең бірінші түсірілім тобына, режиссер, журналистерге үлкен алғысымды айтқым келеді. бұл біздің елде үлкен проблема. Қараңыз, 4739 науқас бүгінгі күні осы ағзаға тәуелді болып отыр. Бұл сан азаймай, жылма-жылға көбейіп жатыр. Және де жылма-жыл осы ағза ала алмай 10 пайызы о дүниелік болып жатыр. Сондықтан мына деректі фильм мен ойлаймын, уақытылы деп.

Қазір елдегі трансплантация операцияларының шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.

Серік Селеубайұлы, Ақылбек Есімсейітов