Елімізде 4739 адам ағза трансплантациясына мұқтаж

4 739 жан. Елде осыншама адам ағза трансплантациясына мұқтаж. Алайда жыл сайын олардың тек 400-іне ота жасалады.

Ал кезекке жаңадан тұратындардың саны бұдан әлдеқайда көп. Бұл туралы «Хабар» агенттігінің тың туындысының тұсаукесерінде айтылды. «4739» деректі фильмі ағза транс-плантациясы, трансплантолог дәрігерлердің еңбегі және өмірлік маңызы бар операцияны күтіп жүрген адамдардың тағдыры туралы баяндалған.

24KZ телеарнасының журналисі, әріптесіміз Назерке Тоқжан мен режиссер Берік Шаров қалың көрерменді тың туындымен қуантты. Бұқара сенген белсенді де, елге еңбегі сіңген дәрігер де «4739» деректі фильмін тамашалауға жиналды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі де премьерада бой көрсетті. Аида Балаева «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы еліміздің басты құндылықтарының бірі екенін үнемі атап көрсететінін айтты. Үкімет трансплантация жүйесін одан әрі жетілдіруге, медициналық ұйымдардың кәсіби әлеуетін нығайтуға және халыққа түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыруға баса мән береді», - деді.

Ал фильмнен кейін вице-премьер мәйіттік донорлыққа келісім беретінін мәлімдеді. Аида Балаева өзінің әлеуметтік парақшасында: «Бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін. Сондықтан біз бұл тақырыптықорқынышпен емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылауымыз керек деп ойлаймын», - деді. Иә туындының да негізгі мақсаты түрлі көзқарастар мен өмірлік ұстанымдарға құрметпен қарай отырып, ағза трансплантациясы жөнінде қоғамда ашық әңгіме өрбіту.

Назерке Тоқжан, фильм авторы, «24KZ» телеарнасының журналисі:

- Жалпы өте күрделі медицина жөнінде кез келген дүние жасамас бұрын алдымен көп ойланасың. Өйткені бұл ат үсті айта салатын мәселе емес. Мұнда әрқашан адамның тағдыры тұрады. Біз осы фильм арқылы адам өмірінің қаншалықты нәзік екенін көрсеткіміз келді. Транспланталогия бұл тек дәрігерлердің жауапкершілігіндегі жұмыс емес. Бұл барша қоғамға ортақ тақырып.

Фильмнің 4739 деп аталуының өзіндік мәні бар. Бүгінде ағза трансплантациясын күту тізімінде дәл осынша адам тұр. Солардың бірі – Қасиет Әкімова.

Қасиет Әкімова, қала тұрғыны:

- 2018 жылдың  қараша айында мен бірінші диализімді алдым. Содан бері күту парағындамын. Өкінішке қарай өзімнің донорым жоқ. Тек ғана үмітім күту парағында. Ол жақта кезек жоқ, база өзі таңдайды. Анализіміз бәрі сонда тұрады. Дәрігерлер де айта алмайды.

Жыл сайын 350-ден астам пациент қажетті операцияны күтпестен көз жұмады. Сонымен қатар елдегі трансплантация операцияларының шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді. Бұған не себеп?

Нұрлан Байжігітұлы, теолог:

Бұл мәселеге шариғатта ешқандай тыйым жоқ. Мұны халқымыз дұрыс түсінуі керек. Адамның өмірін сақтап қалуға, оның сауығып кетуіне жәрдемдесу – үлкен сауапты іс. Ол қандай жағдайда болса да, сауап болып саналады.

Деректі фильмде көтерілген тақырыптың өзекті екенін залдағы көрермендердің ыстық ықыласынан да білуге болады.

Туындының негізгі мақсаты түрлі көзқарастар мен өмірлік ұстанымдарға құрметпен қарай отырып, ағза трансплантациясы жөнінде қоғамда ашық әңгіме өрбіту. Деректі фильм 24KZ телеарнасында 24 шілде күні сағат 19:30-да көрерменге жол тартады.

Авторлары: Әлішер Әли, Абдулхамит Бөлекбаев, Ақылбек Есімсейітов