Қазақстандық студенттер ағза трансплантациясы кезінде қауіп-қатерді болжайтын цифрлық көмекші әзірледі
Жүйе науқастың медициналық деректерін талдап, дәрігерлерге егжей-тегжейлі ақпарат ұсынады. Сабақты ине сәтімен болса, жас өнертапқыштар қанатқақты жобаны шетелдік нарыққа шығаруға ниетті, деп хабарлайды 24KZ.
Ағза алмастыру кезінде дәрігерлер науқасқа оның қаншалықты сәйкес келетінін анықтап алуы шарт. Ол үшін медициналық және генетикалық деректер сараланады. Енді бұл жұмыс әлдеқайда жеңілдей түспек. IT университеті студенттері жасанды интеллект негізінде жоба жасап шықты. Жүйе метаболикалық көрсеткіштерді талдап, дәрігерлерге егжей-тегжейлі ақпарат береді.
Асылжан Абдуллаев, Astana IT University студенті:
– Медицина саласы үшін бұл жүйенің маңызы зор. Ең алдымен, адамның сепсиске шалдығуы немесе ағзаның қызметі тоқтап, өміріне қауіп төнуі мүмкін жағдайларды алдын ала анықтаймыз. Ағзаны ауыстыру алдында дәрігерлер консилиумы мен басқа да дайындық жұмыстарына 10-15 сағатқа дейін уақыт кетеді. Ал біз бұл уақытты бір жарым минутқа дейін қысқартамыз.
Стартап акселерациялық бағдарламадан сәтті өткен. Қазір жобаға инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Ізденістің ізіне түскен жастар алдағы уақытта Қытай мен АҚШ нарығына шығуды жоспарлап отыр. Өйткені бұл елдерде ағза трансплантациясы әлдеқайда жақсы дамыған. Десе де оған дейін авторлар жобаның тиімділігін ғылыми тұрғыда дәлелдеулері керек.
Асылжан Абдуллаев, Astana IT University студенті:
– Алдағы жарты жылда біз жобаның ғылыми жағына басымдық беріп, белсенді жұмыс істейміз. Себебі бұл B2B немесе B2C бағытындағы қарапайым өнім емес. Бұл адамның денсаулығына қатысты медициналық өнім. Біз әрбір шешімнің, тіпті шешілмей қалған әрбір мәселенің артында адам өмірі тұрғанын жақсы түсінеміз.
Бұл білім ордасында жас стартаперлер өз бастамаларын жүзеге асырып, зерттеумен айналысуына барлық жағдай жасалған.
Медет Мұқышев, Astana IT University ассистент-профессор:
– Ғылымға деген қызығушылық студенттік кезеңде қалыптасады. Ал бұл болашақта ауқымды жобаларға жол ашуы мүмкін. Сондықтан бастапқы кезеңде студенттерге жан-жақты қолдау көрсету өте маңызды. Олардың ғылымға деген қызығушылығы жоғалмауы керек. Кездесетін қиындықтарын барынша азайтып, әрі қарай білім алуына жағдай жасауға тырысамыз. Өйткені олар – біздің болашақ әріптестеріміз.
Бүгінде университетте 10 мыңға тарта студент білім алады. Олардың көпшілігі күнделікті өмірге қажетті технологиялық өнімдерді әзірлеумен айналысады.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Айсұлу Махмұтова, Самат Қазанбаев