Шанхай дәрігерлері қатерлі ісікті созылмалы ауруға теңестіре бастады

Қатерлі ісік жазылмайтын дерт емес.

Шанхайлық дәрігерлер осылай деп отыр. Жарты ғасыр бұрын обырдың емі болмайтын. Қазір ақ халаттылар қатерлі ісікті тіпті "созылмалы ауруға" теңестіре бастаған. Бұл жерде жасанды интеллектінің көмегі зор, дейді дәрігерлер. Өйткені, нейрожелілер обырды ерте анықтауға көмектеседі. Ал бұл нәтижелі емге себеп. Медицина саласына дендеп еніп келе жатқан жасанды интеллектінің мүмкіндігі қандай?

Мына ақылды көзілдірік науқастың дертін бірер минутта нақтылауға көмектеседі. Құрылғы мәліметтерді сол сәтте талдап қана қоймай, емін де ұсынады. Озық технологияны қытайлық ғалымдар ойлап тапқан.

Лу Сяодун, медициналық компанияның инженері:

- Қытай мен АҚШ-тағы медициналық деректер базасының мәліметтерін жинап, талдадық. Яғни көзілділдірік осы сараланған ақпараттардың негізінде жасалған арнайы алгоритмнің көмегімен жұмыс істейді. Құрылғы дәрігердің науқаспен әңгімесін талдайды. Сөйтіп, көзілдірік экранына қосымша сұрақтар тізімін шығарады. Бұл маманға диагнозды дәл қоюға көмектеседі. Сондай-ақ зертханалық талдау нәтижелерін де саралайды. Яғни енді ақ халаттылардың қателесуін азайта аламыз.

Иә, жасанды интеллектінің мүмкіндігі зор. Нейрожелі енді компьютерлік томография суреттерін де талдайды. Дәрігер кескінге қарап, аурудың негізгі белгілерін ғана көре алады. Ал жасанды интеллект мұны пиксель деңгейіне дейін зерттейді. Яғни науқастың ағзасындағы болмашы өзгерістерді анықтай алады.

Лю Инбинь, Шанхай Цзяо Тун университетінің профессоры:

- Жасанды интеллект медицинаға дендеп еніп жатыр. Елу жыл бұрын қатерлі ісік жазылмайтын ауру саналатын. Мұндай диагнозды естісе, көбі шошитын.  Ал қазір қатерлі ісіктің алдын алуға мүмкіндік беретін озық технологиялар бар. Сөйтіп обырды созылмалы аурулардың қатарына жатқыза бастадық.

Өз ісінің білікті маманы болу үшін бірнеше жыл тәжірибе жинау қажет. Ал жасанды интеллект медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, уақытын да үнемдейді. Десе де, технология қаншалықты дамығанымен адамды алмастыра алмайтыны анық.

Кристофер Дефлич, медициналық технологиялар бөлімінің директоры:

- Медицина саласының мамандары білімдерін үнемі жетілдіріп отыруы керек. Бірақ адам бүкіл ақпаратты миында сақтап, меңгере алмайды. Сондықтан бұл арада жасанды интеллектінің көмегі зор. Жүйе автоматтандырылғанымен мұны басқаратын - адам. 

Жасанды интеллект дәрігердің орнын баспайды әрине. Бұл маманның жұмысын жеңілдететін көмекші құрал. Енді диагнозды тез, әрі нақты қою мүмкіндігі арта түседі, дейді мамандар. 

Зайнұр Байжігіт