Қызылордада жоғары технологиялық медициналық операцияны жиі жасайтын болды

Сыр өңірінде жоғары технологиялық медициналық операцияларды жиі жасайтын болды.

Былтыр 60 күрделі операция жасалса, биыл небәрі алты айдың ішінде олардың саны 59-ға жеткен. Бұл - облыста медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Медициналық мекемелерді жаңғырту жұмыстары оң нәтиже берді дейді мамандар.

Денсаулығы сыр берген Гүлмира Мұспенованың айтуынша өздігінен жүріп-тұруы қиындаған. Ентігіп, тез шаршап қалатын күйге түскен. Жүрегіне жасалған күрделі операциядан кейін жағдайы айтарлықтай жақсарған. Қалыпты өмірге қайта оралды. Қызылордалық хирургтар оған заманауи әдіспен тіліксіз операция жасады.

Гүлмира Мұспенова, науқас:

- Түнімен ұйықтай алмайтынмын. Ауа жетпейді, ем жетпей баламды түртіп, арқамды сипалап жіберші деп отыратынмын. Қазір енді шүкір-шүкір әуелі алла одан кейін ақ халатты абзал жандардың арқасында дәрігерлердің арқасында, құдай қаласа, жақсымын.

Берік Дауытбаев, облыстық көп салалы аурухананың кардиохирургия  бөлімінің меңгерушісі:

- Бұл операциялардың басты ерекшелігі шағын тілік әдісінде болып отыр. Тілік ұзындығы небәрі шамамен бес сантиметрді құрайды. Кеуде қуысы қабырға аралық бөліктен ашылады. Әрине бұл хирург үшін біршама қиындық тудыруы мүмкін. Ал науқас үшін мұндай операция жеңіл өтеді. Бір айдың ішінде ол күнделікті өміріне қайта орала алады.

Бұған дейін өңір тұрғындары күрделі ем алу үшін ірі ғылыми-зерттеу орталықтарына жүгінуге мәжбүр болатын. Бүгінде облыстық көпсалалы ауруханада жоғары технологиялық 17 түрлі операция жасалады.Тек биылдың өзінде медициналық мекеме 225 миллион теңгеге заманауи жоғары технологиялық жабдықтар сатып алды. Дәрігерлердің жұмыс қарқыны жоғары. Өткен жылдың барлық көрсеткішіне олар биыл небәрі алты айдың ішінде қол жеткізді.

Әсет Жалмағанбетов, облыстық көп салалы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары:

- Облыс халқына бұрынғыдай қазір Алматы, Астана қаласындағы республикалық орталықтарға барудың көп қажеттілігі жоқ. Бізде жоспарлы түрде портал жолдамасымен және қажет болса жедел түрде көп мамандандырылған медициналық көмектің, хирургиялық көмектің барлық түрін алуда. 

Ауқымды жаңғырту жұмыстары өңірдің денсаулық сақтау саласын толық қамтыған. Медициналық ұйымдар біртіндеп цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. 

Нелуфар Хасенова, №3 емхананың бас дәрігерінің орынбасары:

- Модернизациялау шеңберінде қазіргі таңда біз заманауи цифрлық аппараттар қамтамасыз етілді емханамызға, ал оған цифрлық флюрография, цифрлық ренография  және де цифрлық мамография қазір жұмыс істеп жатыр. Халыққа қызмет көрсетіп жатыр және де зертханалық сараптамалар енгіздік. Барлық негізгі анализдер қазіргі таңда бізде жасалады. Диагностикалау қолжетімді,тегін медициналық көмектер көрсетіледі. 

Медицина мекемелерін жаңғырту ісі шалғай ауылдарға да жетті. Облыс орталығынан алыс аудандардың өзінде заманауи кардио және инсульт орталықтары ашылған. Ал Қызылорда қаласында перинаталды орталық, жаңа емхана мен 300 орындық аурухана салынып жатыр. Бұл нысандар жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі. 

Қарлығаш Қасиетова, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев