Протонды терапия көмегімен 150 науқас қатерлі ісіктен емделді
Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта бүгінге дейін 150 отандасымыз протонды терапия арқылы ем алды.
Ал биылдан бастап мекеме балаларды да қабылдай бастады. Елде емнің бұл түрі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетіледі. Қатерлі ісік емдеудің осы әдісінің ерекшелігі неде? Қарапайым сәулелік терапиядан қандай айырмашылығы бар?
Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық мамандары былтырдан бері қатерлі ісікті емдеуде протонды терапия әдісін қолданып келеді. Бұған дейін қазақстандықтар мұндай ем алу үшін шетелге шығуға мәжбүр болатын. Қазір заманауи технология елімізде де қолжетімді. Айта кетерлігі, протонды терапия әлемнің санаулы елдерінде ғана қолданылады. Жақында орталықта балаларды да протонды терапиямен емдеу басталды.
Фатима Налгиева, ҰҒОО протонды терапия бөлімінің меңгерушісі:
- Орталық өткен жылдың қараша айында іске қосылды. Осы уақыт ішінде 150 пациент ем қабылдап, емдеу курсын аяқтады. Биыл мамыр айынан бастап балаларды да емдей бастадық. Қазір негізінен ми ісігі бар, сондай-ақ бұған дейін сәулелік терапиядан өткен пациенттер ем қабылдап жатыр. Кейбірінде ісік қайта пайда болған. Мұндай жағдайда протонды терапияның маңызы ерекше. Орталықтың өзі былтыр іске қосылғанымен, мамандарымыз оған дейін ұзақ уақыт дайындықтан өтті.
Протонды терапия қомақты қаражатты талап етеді. Қазақстанда оның шығыны мемлекет тарапынан өтеледі. Емнің әр сеансының құны шамамен 1 миллион теңге. Жаңа технологияны енгізу үшін отандық мамандар да арнайы дайындықтан өтті. Медициналық физиктер мен зертхана мамандары шетелде білім алып, тәжірибе жинақтады.
Алуа Қанатқызы, ҰҒОО аға медициналық физигі:
- Протон частицаларының ерекшелігі - олар өте ауыр болып келеді. Олардың Пик Брегга деген әдіс бар. Протон барлық энергияны тек қана ісіктің ішіне ғана беріп, басқа таза ағзаларға тимейді, сәулелендірмейді. 02:10 Күнделікті біздің лаборанттар пациенттің емін жасайды, медициналық физиктер емдік жоспарды дайындап береміз. Пациентті ем болыйынша жүргіземіз.
Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық - протонды терапия қолданылатын Орталық Азиядағы бірегей медициналық ұйым. Сондықтан қазір шетел азаматтарының да Қазақстанға келіп, ем алуға қызығушылығы артып отыр. Орталық мамандары шетелдік пациенттерді қабылдауға дайын.
Дариға Ташенова, Досбол Байдилдин, Ернар Нысанбай