Краннан аққан су қатерлі ісікке әкеле ме?

АҚШ-тың Айова штатының тұрғындары ауызсу сапасына алаңдап отыр. Себебі бұл аймақта қатерлі ісікке шалдыққандар көбейді. Айова қазір Құрама Штаттар бойынша Кентуккиден кейін екінші орында тұр.

Сөйтіп краннан аққан су расымен жаман ауру туғыза ма? 

Айова штаты аумағының 85 пайызын егістік пен жайылым жерлер алып жатыр. Әсіресе жүгеріні көп егеді. Шаруалар дәнді дақыл тез өсуі үшін нитраттар қолданады. Ал жауын жауғанда тыңайтқыш өзен-көлдер, тіпті жерасты суларын ластайды.

Сара Грин, Айова экологиялық кеңесінің атқарушы директоры:

- Кей зерттеулер бір литріне 3-5 миллиграмм нитраты бар суды ұзақ уақыт тұтыну қатерлі ісікке әкелуі мүмкін екенін көрсетті. Қазір тұрғындардың денсаулығына қатысты қауіп басым. Жаман ауруға шалдыққандар көбейді. Қатерлі ісік ең көп тіркелген 3 штаттың біреуі – бұл Айова. 

Қатерлі ісік расымен нитраттан бола ма? Мұны анықтау үшін мамандар құдықтардан сыныма алып, зерттеу жұмыстарын бастады. Өйткені бұған қатысты ғалымдардың пікірі екіұдай. Бірі: «Тыңайтқыштың денсаулыққа зияны бар десе, енді бірі нитраттар мен тұрғындарда онкологиялық аурулардың пайда болу қаупі арасында байланыс жоқ», - дейді.

Мэтт Расселл, Айова Шаруалар одағының атқарушы директоры:

- Ауыл шаруашылығы су сапасына әсер етіп отырғаны анық. Бұл мәселені шешуге шаруалар көмектесе алады. Бірақ оларға инвестиция қажет. Бұған дейін 5-10 жыл бойы бұл салаға қаржы бөлуді көбейтіп келген еді. Қазір керісінше сол  бағдарламаларды қысқартып тастады.

Зерттеулерге қарағанда, кейінгі 50 жылда штаттың су қоймаларындағы нитраттың мөлшері 2 есе өскен. Сарапшылар: «Өзендердің арналарын тазалап, қоршаған ортаны қолдауға бағытталған жобаларды көбейту қажет. Бұл тіршілік көзінің ластануын азайтуға тиіс», - дейді. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: