Алматылық дәрігерлер тоғызыншы қабаттан құлаған әйелді аман алып қалды

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері тоғызыншы қабаттан құлап, аса ауыр жарақат алған 34 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды «24KZ».

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, науқас №7 ҚКБ-ға шұғыл түрде ауыр жарақаттармен жеткізілген. Әйелге бас-ми жарақаты, кеуде қуысының ауыр жарақаты, қабырғалардың көптеген сынуы, пневмоторакс пен гемоторакс, жамбас сүйектерінің, сан сүйектерінің және тоқпан жіліктің сынуы диагнозы қойылған.

Ауруханаға түскен кездегі жағдайы аса ауыр деп бағаланды: науқас комада болып, өлім қаупі жоғары жарақаттық шок жағдайында болған. Ауруханаға дейінгі кезеңде жедел жәрдем бригадасы науқасқа интубация жасап, шокқа қарсы ем жүргізе бастаған. Ал ауруханаға жеткізілгеннен кейін санаулы минуттар ішінде қабылдау бөлімінде барлық қажетті шұғыл медициналық көмек көрсетілді.

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың директоры Нұрдос Қадырбековтің айтуынша, науқасты емдеуге бірден бірнеше саланың мамандары – анестезиолог-реаниматологтар, травматологтар, нейрохирургтер, хирургтер, терапевтер, кардиологтар, психологтар мен психиатрлар жұмылдырылды.

Науқастың жағдайы реанимация және қарқынды терапия бөлімінде тұрақтандырылғаннан кейін, ауыр шок пен көптеген жарақаттардың салдарымен күресуге бағытталған ем жүргізілді. Одан кейін әйел мамандандырылған ем алу үшін политравма бөліміне ауыстырылды.

Науқас көптеген сүйектердің сынуы және ішкі ағзалардың зақымдануымен қатар жүрген ауыр қосарланған жарақат алды. Мұқият дайындықтан кейін жоғарғы және төменгі аяқ-қолдарына бір мезгілде ота жасалды. Ал екі күннен соң жамбас сүйектеріне хирургиялық араласу жүргізілді. Барлық кезеңде тромбоэмболия мен майлы эмболияны қоса алғанда, асқыну қаупі өте жоғары болды. Алайда мультидисциплинарлық тәсілдің, командалық жұмыстың және дұрыс таңдалған емдеу тактикасының арқасында оң нәтижеге қол жеткіздік, — деді №7 ҚКБ политравма бөлімінің меңгерушісі Рамазан Әскеров.

Науқас ауруханаға түскеннен кейін жетінші тәулікте жату қалпынан біртіндеп тік қалыпқа келтіріле бастады. Ал оныншы тәулікте жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, тиісті емдік ұсынымдармен ауруханадан шығарылды.

Дәрігерлер емнің сәтті өтуіне аурухананың техникалық жарақтандырылуы да маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Заманауи жабдықтар, соның ішінде операция кезінде қанды сақтап қалу жүйелері күрделі хирургиялық араласулар барысында қан жоғалтуды тиімді бақылауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Мамандардың барлық кезеңдегі жедел әрі үйлесімді әрекетінің, медицина қызметкерлерінің жоғары кәсіби дайындығының арқасында науқас аса ауыр жағдайдан шығарылып, ауруханаға түскеннен кейін небәрі 10 күннен соң амбулаториялық ем қабылдауға және одан әрі оңалтуға жіберілді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз