Медициналық қызмет сапасына бақылау күшейтіледі

Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы 

Аида Балаеваның төрағалығымен алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесіндегі медициналық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиында салаға қатысты біраз түйткілдер талқыланды. Азаматтардың өтініштерін талдау көрсеткендей, негізгі мәселелер дәрігер қабылдауын және диагностиканы күту мерзіміне, бейінді мамандардың тапшылығы мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты. Соңғы екі жылда 684 шұғыл көмек кабинеті ашылып, төртінші санаттағы шақыртуларға қызмет көрсететін 988 мобильді бригада құрылған. Мұнымен қоса Аида Балаеваның тапсырмасымен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы педиатриялық бағыттағы бейінді бөлімшелер күшейтілді. Балалар арасында патологияларды ерте анықтау мақсатында шамамен 450 даму және ерте араласу кабинеті ашылды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін цифрландыру ісі де қарқынды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2027 жылға арналған сатып алу рәсімдері өткен жылдармен салыстырғанда 4 ай бұрын басталды. Бүгінде медициналық ұйымдардың қажетті препараттармен қамтылу деңгейі 91 пайызға жеткен.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы:

- Бүгінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек халыққа негізгі медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Бірақ оның сапасына және халықтың қанағаттануына әсер ететін кейбір мәселелер әлі де бар. Соңғы екі жылда елде алғашқы медициналық көмекті жақсарту үшін бірқатар жұмыстар жүргізілді. Халыққа медициналық көмекті қолжетімді ету үшін дәрігерлердің қабылдау уақыты 4 сағаттан 6 сағатқа дейін ұзартылды. Соның нәтижесінде адамдардың дәрігерді күту уақыты қысқарды. 

Кеңес қорытындысы бойынша өңірлерге тәжірибелі дәрігерлердің, мәслихат депутаттарының және қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен арнайы штабтар құру тапсырылды. Олар мемлекеттік және жекеменшік емханалардың, сондай-ақ стационарлардың қызметіне егжей-тегжейлі талдау жүргізуі, шағымдардың туындау себептерін зерделеуі және қызмет көрсету сапасы жүйелі түрде төмен медициналық ұйымдарға қатысты ұсыныстар енгізуі тиіс. Сондай-ақ пациенттердің бағалауына негізделген жаңартылған индикаторларды ескере отырып, медициналық қызметтерді төлеуді реттейтін нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу міндеті қойылды. Квоталау тетіктерін жетілдіруге де ерекше назар аудару тапсырылды. Қорытындылай келіп, Аида Балаева медициналық қызмет көрсету сапасы мәселесі жергілікті атқарушы органдар мен салалық министрліктің жүйелі бақылауында болуы керектігін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз: