Түркістанда балалар кардиохирургиялық орталығы ашылды
Түркістан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында Өңірлік балалар кардиохирургиялық орталығы ашылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа орталықта туа біткен жүрек ақауы бар балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Мұнда кардиология, кардиохирургия, кардиожансақтау бөлімі және операциялық залдар жұмыс істейді.
Орталықтың негізгі міндеті – туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету, – деп хабарлады ведомство.
Түркістан облысында 900 мыңнан астам бала тұрады. Өңірде жыл сайын 80 мыңнан аса сәби дүниеге келеді. Бір жасқа дейінгі балалар арасында жүрек пен қан айналымы жүйесінің туа біткен аномалиялары әр мың балаға шаққанда 35 жағдайды құрайды. Республика бойынша бұл көрсеткіш – 22,5.
Облыста 2014 жылдан бері туа біткен жүрек ақауы бар балаларға 3433 операция жасалған. Қазір балалар кардиохирургиясы бөлімшесінде жыл сайын 100-ден астам ота жасалады. Оның 78%-ы бір жасқа дейінгі балаларға жүргізіледі.
Сондай-ақ критикалық жүрек ақауымен туған 26 нәрестеге операция жасалған.
Орталық Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Медициналық авиация арқылы Жамбыл және Қызылорда облыстарынан жеткізілген жаңа туған нәрестелерге де операция жасауға мүмкіндік бар.
Орталықты іске қосу үшін балалар кардиохирургиясы бөлімшесі кеңейтіліп, кардиожансақтау бөлімі мен операциялық залдар жаңартылды. Медициналық мекеме заманауи жабдықтармен және білікті мамандармен қамтылды.
Министрліктің мәліметінше, жаңа орталықтың жұмысы балаларға кардиохирургиялық көмекті уақытылы көрсетуге, туа біткен жүрек ақауларына жасалатын операциялар санын арттыруға және медициналық көмекті өңір тұрғындарына жақындатуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта мұнда диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және телемедицина арқылы шалғай өңірлердегі балаларға консультациялық көмек көрсету жоспарланып отыр.
Балалар кардиохирургиялық орталықтарын Түркістан және Ақтөбе облыстарында құру «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында қарастырылған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз