Медицина саласында 31 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді

Фото: depositphotos.com

Денсаулық сақтау министрлігі цифрлық құралдардың көмегімен медициналық ақпараттық жүйелердегі 400 мың өзектілігін жоғалтқан пациент картасын анықтап, жүйеден алып тастады. Бұл медициналық көмек пен дәрілік заттарға 31 млрд теңге көлемінде негізсіз шығыстардың алдын алуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды «24KZ».

Қазір пациенттің медициналық ұйымға жүгінуінен бастап көрсетілген қызмет үшін төлем жасалғанға дейінгі барлық кезең цифрлық бақылауға алынған.

Жүйе алдымен пациенттің медициналық ұйымға нақты барғанын цифрлық сәйкестендіру арқылы растайды. Одан кейін медициналық оқиға деректері форматтық-логикалық бақылаудан өтеді. Ал бірыңғай төлем жүйесі көрсетілген медициналық көмектің көлемі мен сапасын тексереді.

Цифрландыру нәтижесінде төлем жасау кезінде заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді анықтау деңгейі 3,5 есеге артқан. Ал медициналық қызметтерді негізсіз тұтыну 7,1%-ға, яғни шамамен 7 млрд теңгеге азайған.

Сонымен қатар жүйе арқылы 10,6 млрд теңгенің негізсіз көтерілгені анықталған. Жан басына шаққандағы норматив бойынша белсенді емес алушыларға қатысты анықталған қаржылық әсер 3,2 млрд теңгені құрады.

Цифрлық бақылау лицензиялық талаптардың сақталуын да күшейткен. Қолданыстағы лицензиясы жоқ қызмет көрсеткен 40-қа жуық ұйым анықталып, олардың бесеуінің жұмысы тоқтатылған.

Бұдан бөлек, жүйе сертификаттарының мерзімі өтіп кеткен 2 мыңнан астам медицина маманын анықтаған. Олардың 50-ден астамы жұмыстан шеттетілді.

Министрлік бұл шаралар медициналық көмектің нақты көрсетілуін бақылап, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: