Елімізде көкжөтелге шалдығу шамамен 10%-ға төмендеді
Қазақстанда жыл басынан бері көкжөтелге шалдығу өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10%-ға төмендеді. 2026 жылдың басынан бері елде 250 жағдай тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Дегенмен науқастардың 91%-ын бес жасқа дейінгі вакцина алмаған балалар құрап отыр.
Министрлік мәліметінше, биылғы жеті айда 361 мыңнан астам бала көкжөтелге қарсы жоспарлы вакцинациядан өткен. Оның ішінде бір жасқа дейінгі 102 мың, бір жастағы 91,5 мың және алты жастағы 167,5 мың бала бар.
Сонымен қатар белгіленген мерзімде екпе алмаған балаларды толықтыра иммундау жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 18 жасқа дейінгі 107,5 мың бала мен жасөспірім қосымша вакцинацияланған.
Ведомство көкжөтелдің алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екенін атап өтті. Әсіресе ауру ауыр өтуі мүмкін ерте жастағы балаларды уақытылы иммундау маңызды.
Вакцинациямен қамтуды арттыру жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз