Жыл басынан бері 2,1 млн қазақстандық телемедициналық көмек алды
Жыл басынан бері Қазақстанда 2,1 млн-нан астам адамға қашықтан медициналық қызмет көрсетілді. Оның 39%-ы – ауыл тұрғындары, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде 1 млн-нан астам телеконсультация өткізілген. Қазір 709 медициналық ұйымның мамандары қашықтан медициналық көмек көрсетіп жатыр.
Телемедицина әсіресе ауылдық жерлердегі бейінді мамандар тапшылығын ішінара өтеуге мүмкіндік береді. Енді шалғайдағы ауыл тұрғындары маман кеңесін алу үшін облыс орталығына баруға міндетті емес.
Пациенттің маршруты ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункт немесе амбулаториядан басталып, үйлестіру орталығы арқылы бейінді маманның телеконсультациясына дейін жалғасады. Одан кейін дәрігер шешім қабылдап, қажет болған жағдайда пациентті қашықтан бақылайды.
Бүгінде ауылдық денсаулық сақтау саласында 1122 медицина қызметкері тапшы. Телемедициналық қызмет аясында қашықтан электрокардиография, жедел талдаулар және цифрлық медициналық құрылғылар арқылы жүргізілетін зерттеулер қолжетімді. Алдағы уақытта қызмет түрлері УДЗ, флюорография, рентген және генетик консультациясы есебінен кеңейтіледі.
Цифрлық медициналық жүйеге қылмыстық-атқару жүйесінің 72 мекемесі де қосылған. Бұл шамамен 12 мың сотталған адамды қамтиды. Сонымен қатар 6936 мектеп пен 3,67 млн бала мектеп медицинасын цифрлық сүйемелдеумен қамтылған.
Цифрландыру санитариялық авиацияның жұмысын да жеделдетті. Ұшып шығуға өтінімді рәсімдеу уақыты 180 минуттан 30 минутқа дейін қысқарған.
Осылайша, телемедицина мен цифрлық технологиялар медициналық көмекті шалғай елді мекендерге, мектептерге және дәрігерге физикалық қолжетімділігі шектеулі адамдарға жақындата түсуде.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз