Цифрлық технология қарттардың өмірін өзгертті
Оңтүстік Кореяда зейнеткерлерге жаңа технологияларды тегін үйретеді. Былтыр жасанды интеллект мүмкіндіктерімен бір миллион адам танысты. Олардың 70 пайызы – 60 жастан асқан қарт адамдар.
Суретші Юн Бок Сун зейнеткерлікке 12 жыл бұрын шыққан. Таяуда ол жақын жердегі цифрлық оқыту орталығына жазылып, өмірі жаңаша өрби бастады. Онда Бок Сун интернетте жұмыс істеуді үйреніп, қазір зейнеткердің әлеуметтік желіде өз арнасы мен бірнеше жүз жазылушысы бар.
Юн Бок Сун, Сеул қаласының тұрғыны:
- Мейрамханаға немесе театрға барған сайын барлық жерде тапсырысты дүңгіршектер арқылы немесе онлайн жасау керек болды. Сондықтан цифрлық технологияларды меңгергім келді. Орталықтың арқасында өзіме деген сенімділік пайда болып, жаңа хобби таптым. Енді әлеуметтік желілерге арналған контентті жасау үшін аптамды алдын ала жоспарлап қоямын.
Оңтүстік Кореядағы алғашқы мемлекеттік цифрлық оқыту орталығы 2020 жылы ашылды. Содан бері онда 4 млн 330 мыңнан аса адам білім алды. Қазір елдің барлық өңірінде осындай 69 оқу орны жұмыс істейді. Келушілердің басым бөлігі – 60-тан асқан қарт кісілер. Мұнда олар виртуалды спортпен шұғылданып, деменцияның алдын алуға көмектесетін роботпен кез келген тақырыпта сұхбаттаса алады.
Владислав Цой, тілші:
- Зейнеткерлер арасында танымал тренажерлердің бірі – осы жүгіру жолы. Мұнымен жаттығу стадионда жүгіргендей әсер береді. Жүгірудің ең аз уақыты 2 минуттан басталады.
Орталықта зейнеткерлерді пайдалы технологиялармен таныстырып қана қоймай, телефон алаяқтарынан қорғануға да үйретеді.
Ча Ханна, Корея ақпараттық қоғамды ілгерілету ұлттық агенттігінің маманы:
- Орталықта оқытушы мен оның көмекшісі тыңдаушыларға цифрлық сауаттылық негіздері мен интернетте жұмыс істеуді үйрететін оқу сыныбы бар. «Тәжірибе аймағында» ақылды көзілдірік, денсаулық пен психологиялық жағдайды тексеруге арналған ЖИ-құрылғылар сияқты технологиялармен таныстырады. Орталықтар аға буынға бағытталған. Олар толықтай мемлекеттің есебінен: 80 пайызы республикалық, ал 20 пайызы жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.
Денсаулық жағдайына байланысты мұндай оқу орындарына бара алмайтындар үшін көшпелі сабақтар ұйымдастырылады. Өткен жылы ел бойынша қарттар үйлері мен әлеуметтік көмек орталықтарында 65 мыңнан астам цифрлық сауаттылық сабағы өткізілді.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян