Өкпе обыры скринингі енді міндетті тексерулер қатарына қосылады
Енді скринингтік тексеруге өкпені қарату кіреді. Бұл өкпенің қатерлі ісігін ерте бастан анықтау үшін қажет.
Қазір Денсаулық сақтау министрлігі пилоттық жобаны іске қосу үшін жұмыс істеп жатыр. Себебі өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққандар арасында өлім-жітім көп. Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан аса адам қатерлі ісік ауруына шалдығады. Қазірдің өзінде 250 мыңнан артық науқас диспансерлік тіркеуде тұр. «Егер аурудың белгілері ерте бастан анықталса тез емделеді», - дейді дәрігерлер.
Қатерлі ісік-айықпас дерт емес. Емді тезірек бастаған жөн. Әрине уайым, қорқыныш, белгісіздік – мұның бәрі адами құбылыс. Алматылық Айжан есімді тұрғынның пікірі осындай. Ол жүктілік бойынша есепке тұру үшін қаралған кезде ғана өзінің сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққанын білген. Диагноз қойылғанда дүниеден баз кешіп кеткенін жасырмайды. Алайда ештеңеге қарамастан сәбиін өмірге әкелуге бел буған. Қазір химиялық терапия алып жатыр. Босанған соң емін жалғастырады.
Айжан, қала тұрғыны:
- Диагнозымды естіген кезде өзімді тастап жіберейін деп қалдым. Кейін білдім, бұл ауруды емдеуге болады екен. Әлия Жаңалықовна: «Баланы туамын деп шештің, балаға шеше керек», – деді. Қазір екінші химияны алып жатырмын. Аман-есенмін. Баламды гинекологтар тексеріп жатыр. Екінші химиядан да аман-есен өттім. Емделуге болады.
Дәрігерлер қазір Айжанның жағдайы қалыпты екенін айтып отыр. Бұл – тек бір науқастың оқиғасы. Ауруды ерте бастан анықтауда скринингтің көмегі зор. Қазір елімізде сүт безі, жатыр мойны мен тоқішек қатерлі ісігі міндетті тексеруге кіреді. Енді соның қатарына өкпені қарату қосылады. Пилоттық жоба келесі жылы басталады деп жоспарланған. Алдымен Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау және Жамбыл сияқты 4 облыста жүзеге асырылады.
Жандос Аманқұлов, «Қазақ онкология және радиология» ҒЗИ бөлім меңгерушісі:
- Өкпе обырының скринингі басталған кезде, ол кез келген адамға міндетті түрде жүргізілмейді. Өкпе обырының скринингінен темекі шегетін адамдар немесе соңғы 15 жылдың ішінде темекіні тастаған кісілер өтуі керек. Неге? Себебі темекіні тастағаннан кейін де бұл адамдарда өкпе обырының даму қаупі жоғары болады. Сондықтан темекі шегіп жүрген немесе темекіні соңғы 15 жылдың ішінде тастаған адамдар екі жылда бір рет төмен дозалы компьютерлік томографиядан өтуі керек.
Онкологиялық ауру күдігіне іліккен пациенттер үшін «жасыл дәліз» енгізілген. Жүйе қатерлі ісікке күдік туған сәттен бастап диагнозды нақтылауға және емді ерте бастауға мүмкіндік жасайды. Қазір медициналық ұйымдарда қажетті жабдықтың бәрі бар. Тек 2025 жылы материалдық-техникалық базаны жаңалауға 36 млрд тенгеден астам қаржы бөлінген.
Виктор Ким, «Қазақ онкология және радиология» ҒЗИ радиациялық онкология орталығының директоры:
- Жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін бұл құрылғы ісікті дәл таңдауға, адам ағзасын картаға түсіруге және дозиметриялық есептеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі өте тез, бір сәулелік сеанс ішінде, 15-20 минут аралығында жүзеге асады. Яғни сәулелік терапияның негізгі қағидаттары сақталады.
Қазіргі заманғы онкохирургия ісікті алып тастаумен ғана шектелмейді. Мүмкіндігінше, ағзаның қызметін сақтап, науқастың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Елімізде соңғы 5 жылда аты жаман аурудан болатын өлім-жітім 14 пайызға төмендеді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов.