Ата-аналар ұсынысы: оқушылардың тамақтану уақытын ұзарту керек

Оқушылардың мектепте түскі ас ішуіне берілетін уақытты ұзарту керек. Алматылық ата-аналар осындай бастама көтерді. 

Тұрғындардың пікірінше, қазіргі 10-15 минут үзіліс аздық етеді. Бұған Білім басқармасы қандай уәж айтады? 

Алматылық нутрициолог Альмира Орлованың сөзінше, балаларға ауқаттануға берілетін уақыт тым қысқа. Үзілістің аздығынан оқушылар шала тамқтанады немесе асығып жейді. Салдарынан бүлдіршіндердің денсаулығына зиян келеді. «Білімге зейіні де ашылмайды», - дейді ол. Сондықтан бірқатар ата-ана бұл уақытты 30 минуттан 1 сағатқа дейін созуды ұсынып отыр.   

Альмира Орлова, нутрициолог:

- Қазіргі кезде мектепте оқитын балаларға түскі ас ішуге 10-15 минут қана беріледі. Үзілістің бір бөлігі асханаға барып қайтуға, кезек күтуге және тамақты алуға кетеді. Соның салдарынан балалар толыққанды, асықпай тамақтанып үлгермейді. Тамағы сол күйде қалып, сабаққа аш қайтады.

Ал жауапты мамандардың сөзінше, тамақтануға бөлінген уақыт жеткілікті. Түскі астың кестелері мен уақыты да заңды талаптарға сай. Оның үстіне, қазіргі кезде қосымша уақыт қосу мүмкін емес. Себебі бала санының көптігіне байланысты кейбір мектептер екі аусымда білім береді.

Бақытбек Қалжанов, Алмалы ауданы білім бөлімінің басшысы:

- СЭС-тің нормасы бойынша бір ауысымда бір перемена 30 минут немесе екі перемена 15 минуттан болуы керек. Балалар тамақтануына жарты сағат немесе бір сағат уақыт кетеді. Ол бізде бір ауысымда кейбір мектептерде екі рет, кейбір мектептерде үш рет болады. Бір ауысым үш сағатқа созылады. Екінші ауысым да үш сағатқа созылса, екі ауысымда оқитын мектептердің сабақтары кешкі 21:00-22:00-де бітеді.

Мектептегі тамақтың сапасы да қатаң бақылауда. Білім ошақтарында құрылған комиссия бүлдіршіндерге берілетін тамақтың сапасын күнделікті тексереді. Егер дайын астан ақау табылса, бірден алып тасталынады. Ал қызмет көрсететін кәсіпкерге тиісті органдар бірден шара қолданады.

Гүлнәр Аймаханова, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:

- Осы білім беру ұйымында мектеп асханаларындағы тамақтанудың қауіпсіздігіне аса назар аударылады. Оның ішінде тамақ дайындалатын өндірістік бөлмелердің санитариялық жағдайы да қадағаланады. Тыйым салынған өнімдердің тізімі бар, барлығы санитариялық қағидалардың талаптарында көрсетілген. Егер тыйым салынған тағамдар анықталған жағдайда, жауапты маман жауапкершілікке тартылады.

Мектеп асханаларында орнатылған камералар арқылы оқушының асханаға келіп тамақтануы мен уақыты тіркеледі. «Түскі асын тауысып үлгермеген балаларға қосымша уақыт беріледі», - дейді мамандар.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Валентин Лобанов

Сондай-ақ оқыңыз: