«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 15 мыңға жуық бала дүниеге келді

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғалы бері 15 мыңға жуық бала дүниеге келген. 2021 жылдан бері жоба аясында экстракорпоралды ұрықтандырудың 37 мыңға жуық циклі жүргізілген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

«Қазақстанда заманауи репродуктивтік технологиялардың қолжетімділігі кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді. Бүгінде отбасылардың шамамен 15%-ы бедеулік мәселесіне тап болады. Жыл сайын медициналық көмекке шамамен 20,5 мың ерлі-зайыпты жүгінеді», – делінген министрлік хабарламасында.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылы іске қосылған. Жоба репродуктивтік технологияларға мұқтаж отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды кеңейтуге мүмкіндік берді.

Бағдарлама аясында жыл сайын бөлінетін ЭКҰ квотасының саны 7 мыңға дейін ұлғайтылған. Нәтижесінде соңғы жылдары қосалқы репродуктивтік технологияларды пайдалануға мүмкіндік алған отбасылардың саны артқан.

«Репродуктивтік медицина желісі де кеңейіп келеді. Егер 2004 жылы ЭКҰ қызметін төрт клиника көрсетсе, 2025 жылы олардың саны 32-ге жетті. Осы кезеңде қосалқы репродуктивтік технологиялар циклдерінің саны сегіз еседен астам өсіп, жылына 18,6 мыңға жетті», – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Пренаталдық диагностика бағытында да оң динамика байқалады. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ультрадыбыстық зерттеу кезінде туа біткен даму кемістіктерін анықтау көрсеткіші 13,8%-ға артқан. Ал туа біткен кемістіктермен және хромосомалық бұзылыстармен дүниеге келген балалардың саны 25,6%-ға төмендеген.

Биылғы алты айда «Бір күндік клиника» жобасы аясында шамамен 66 мың жүкті әйел алғашқы скринингтен өткен. Бұл тәсіл жүктілік кезіндегі қауіп-қатерлерді ерте анықтап, қажет болған жағдайда әйелдерді қосымша тексеруге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігі репродуктивтік көмектің қолжетімділігін одан әрі кеңейтіп, ерте диагностиканы жетілдіру жұмыстарын жалғастырады.

Ведомствоның мәліметінше, бұл шаралар заманауи медициналық технологияларды еліміздің барлық өңірлеріндегі отбасыларға қолжетімді етуге бағытталған.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: