Елде дәрі-дәрмектің 500-ге жуық жаңа түрі шығатын болады
Медициналық препараттарды өндіру бойынша 8 инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында белгілі болды, деп хабарлайды 24KZ.
Су жаңа зауыттар іске қосылса 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, дәрі-дәрмек қауіпсіздігі нығаяды.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Дәрі-дәрмек дүние жүзіндегі ең табысты салалардың бірі. Бір жылдары шетелдік компаниялар билеп-төстеген бұл нарық бүгінде біршама түзелген. Дәріханаларда сатылып жатқан дәрі-дәрмектің 42% өзімізде өндірілетін болды. Тіпті ел аумағын былай қойғанда, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия мен Молдова мемлекеттеріне де экспортталып жатыр. Басы ауырып, балтыры сыздағандардың дертіне дауа болатын препараттарды көбейту үшін соңғы екі жылда салаға салынған инвестиция көлемі 3 жарым есе өскен.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реттеуші жүйелерінің 3-ші деңгейіне қол жеткізді. Бұл бағалау ұлттық реттеу жүйесінің тұрақты жұмыс істейтінін және халықаралық талаптарға толық сәйкес келетіндігін растайды. Қазақстан – ТМД елдері арасында мұндай дәрежеге ие болған алғашқы мемлекет.
Үкімет басшысының алдында оң өзгерістерді баяндаған бас дәрігер, саладағы бармақ басты, көз қысты әрекеттерді де жіпке тізді. Белгілі болғандай науқастарға тегін берілуі тиіс препараттарды кей дәріханалар саудаға салған. Ал ақшаға құныққан басқа да кәсіпкерлер бекітілген бағадан қымбатқа сатқан. Министрлік осы секілді ірілі-ұсақты бас-аяғы 800-ге жуық заңбұзушылықты цифрлық жүйе арқылы анықтапты. Қу құлқының қамы үшін қалтасын қампитқандар жазасыз қалмады. Бергісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, арғысы айыппұл арқалады.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Соңғы екі жылда қабылданған шаралар нәтижесінде тегін дәрілердің дәріханаларда сату фактілері 20 есеге азайды Дәрілердің бағасын цифрлық мониторинг нәтижесіне айналымдағы дәрілердің 50% астамында бағалары тұрақты, ал 799 дәрілердің бағасының төмендегені анықталды.
Дәрі-дәрмек тапшылығын шешіп, импортқа тәуелділікті азайту үшін 8 инвестициялық жоба жүзеге асады. Су жаңа фармацевтика зауыттарының ішіндегі ең ірісі Алматыда бой көтереді. Жобаға жұмсалатын қаржы 39 млрд теңгеден асады. Нәтижесінде онкологиялық, гематологиялық және басқа да аурулардан айығуға көмектесетін препараттар өндіріледі.
Светлана Киль, «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ басқарма төрағасы:
– 2030–2033 жылдары зауытта дайын дәрілерді шығару басталады. Сондай-ақ шетелдік өндіріс тәжірибесі мен жаңа технологиялар енгізіліп, дәріні қажетті шикізаттан бастап, дайын өнімге дейін Қазақстанда жасау жолға қойылады. Ал 2034–2036 жылдары дәрі жасауға қажетті заттарды да өндіру жоспарланып отыр. Осылайша, шетелден әкелінетін шикізаттың үлесі азаяды деп күтілуде.
Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министріне тапсырма берді. Бұдан былай әр ем алушы қандай дәрі тегін берілетінін, қашан және қайдан алуға болатынын білуі керек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
– Үйреншікті дәріні басқа өндірушінің өніміне алмастырған жағдайда, оның себептері мен қолдану тәртібін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет Ақпараттың аз болуы мен әкімшілік рәсімдер ауыр науқастар үшін кедергіге айналмауға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі осыны негізгі қағида ретінде басшылыққа алсын.
Қазір Үкімет 2027 жылға арналған дәрі-дәрмек сатып алу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жыл соңына дейін дейін жоспардың 95% орындалады деп күтілуде. Ал тұрғындар алдағы уақытта сырқаттан сауығудың тиімді тәсілін қарастырғаннан гөрі, ауырмаудың амалын іздегені абзал.
Авторы: Шерхан Абзалұлы