Қазақстанда жыл сайын 130 мыңнан астам адамға тегін травматологиялық ота жасалады
Қазақстанда травматология және ортопедия саласында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жыл сайын 130 мыңнан астам операция жасалады, деп хабарлайды «24KZ».
Жалпы алғанда, республика бойынша жыл сайын шамамен 3 миллион адам емханаларда, стационарларда және травматологиялық пункттерде консультациялық көмек алады.
Соңғы бес жылдың ішінде эндопротездеу көлемінің 50 пайызға жуық өсуі – бұл бағыттағы маңызды серпілістердің бірі. Бұрын азаматтар үшін қолжетімділігі шектеулі немесе кезек күттіретін бұл күрделі оталар бүгінде мемлекет есебінен жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар жоғары технологиялық медициналық көмектің тұрақты көлемі сақталып, атап айтқанда омыртқаға 300-ден астам операция, 1 мыңнан астам ревизиялық эндопротездеу және ірі буындарға 4,5 мыңнан астам артроскопиялық операция сәтті орындалды. Барлық осы хирургиялық араласулар мамандардың жоғары біліктілігін, заманауи жабдықтарды және клиникалық стандарттарды қатаң сақтауды талап етеді әрі пациенттер үшін толығымен тегін жүргізіледі. Бұл ретте негізгі салмақ дәстүрлі түрде еліміздің жетекші бейінді орталықтарына, соның ішінде Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығына түседі.
Бүгінде клиникалық практикаға омыртқа хирургиясындағы навигациялық жүйелер, эндопротездеудегі роботтандырылған технологиялар, буындардың дегенеративті ауруларын емдеудің жасушалық әдістері және күрделі реконструкциялық операцияларға арналған 3D-жеке импланттар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Мұның бәрі азаматтарға сапалы, әлемдік стандарттарға сай ем алуға жол ашады.
Өңірлердегі травматологиялық қызметті күшейту де басты назарда тұр. 2027 жылға дейін Қазақстанда өңірлік травматологиялық орталықтардың бірыңғай желісі құрылып, шокқа қарсы бөлімшелер жаңғыртылады, сондай-ақ шұғыл медициналық көмекті және жарақаттанудың профилактикалық шараларын жетілдіру жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінгі таңда халыққа мамандандырылған көмекті 1 500-ден астам кәсіби травматолог дәрігер көрсетіп келеді, ал ел аумағында 81 травматологиялық пункт, 4 мыңнан астам бейінді төсек және 260 медициналық ұйым жұмыс істейді. Қабылданған шаралар мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары отандық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырып, әрбір пациенттің дер кезінде сапалы көмек алуына кепілдік береді.