Протездік көмек: елде қажеттіліктің 66,1% орындалды

Елде протездік-ортопедиялық көмекке деген қажеттіліктің 66,1 пайызы ғана өтелген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгін елде мүгедектігі бар азаматтарды протезбен қамтамасыз ету бағытында бірнеше ұйым жұмыс істейді, деп хабарлайды 24KZ.

Мына кадрда параспортшы Азамат Нұрәлиевтің әлем чемпионы атанған сәті. Ол қол күресінен төрт дүркін чемпион атанып, халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк туын желбіретті. Жүзу мен жеңіл атлетикадан да ел чемпионаттарында үздіктер қатарынан көрінді. Оның әр медалінің артында қажырлы еңбек пен қайтпас қайсарлық бар. Ал күнделікті қолданатын протезі сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік берді. Бүгінде Азаматтың жетістігі протездік көмектің адам өміріне беретін мүмкіндігінің айқын көрінісі.

Азамат Нұрәлиев, параспортшы:

– Спорттық протез сонда кәдімгі протез емес, артықшылық көп. Кәдімгі протезбен жүру қиын, бірақ сонымен үйренген дұрыс. Ал спорттық протез әлдеқайда жеңіл. Спорттан әлем деңгейінде көк туымызды желбіретіп жүргенімде шақырып, осындай азамат сізге протез ұсынып жатыр деп айтты. Осы кісілерге рақмет.

Протез әр адамның дене ерекшелігіне, өмір салты мен қозғалыс белсенділігіне қарай әзірленеді. Алматыдағы Әлеуметтік қорғау саласын дамыту жөніндегі ұлттық ғылыми орталық мамандары бұйымды таңдағанда адамның күнделікті тұрмысын, физикалық мүмкіндіктерін және белсенділік деңгейін ескереді.

Думан Изимов, Протездік-техникалық көмек департаментінің директоры:

– Науқасқа протез жеке өзінің өмір салтына, жүріп-тұруына, белсенді спортпен шұғылдануына байланысты активті төртке бөлінеді. Белсенді белсенділік бірінші, екінші, үшінші, төртінші сатыдағы жоғары ұтқырлыққа ие науқастардың активтілігін анықтаймыз. Протезге үйренгенше, бізде осы орталықта реабилитолог сол науқастармен жұмыс жасайды.

Алматыдағы Әлеуметтік қорғау саласын дамыту жөніндегі ұлттық ғылыми орталықта протез әр адамға жеке дайындалады. Алдымен қажетті өлшемдер алынып, бұйымның пішіні мен құрылымы адамның дене ерекшелігіне сәйкестендіріледі. Одан кейін мамандар оны қолдану тәртібін түсіндіріп, протезге бейімделуге көмектеседі. Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында орталықта протездік-ортопедиялық бағыт бойынша 250 бұйым дайындау жоспарланған.

Сырым Нәси, Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының бас директоры:

– Дистанциондық форматта тиісті өзінің оңалту шараларын өткізеді, сонымен қатар әрбір оңалтудың негізгі бір жақсы жағдайларға әкелетін факторлардың бірі – бұл ата-анамен жұмыс, сондықтан да біздің мамандар осы форматта тек қана қызмет алушымен ғана емес, ата-аналармен жұмыс жасайды.

Протезге қол жеткізу үшін азамат алдымен жеке оңалту бағдарламасына сәйкес өтініш береді. Бұйымның түріне қарай оны дайындау 20 күннен 45 күнге дейін созылуы мүмкін. Мемлекет белгіленген норматив аясында шығынды өтейді. Айта кетейік, протездік-ортопедиялық бұйымдар еліміздің бірнеше өңірінде өндіріледі. Ірі кәсіпорындар Алматы, Петропавл, Шымкент қалаларында және Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.

Сахибжамал Сафарова, ҚР ЕХӘҚМ Инклюзия департаменті директорының орынбасары:

– Протездік ортопедиялық көмек алу үшін азамат немесе жұмыспен қамту орталығына жұмыспен қамту органға барады немесе азаматтарға портал, үкімет мемлекеттік корпорациясына, электрондық үкімет порталына өтініш беру арқылы ала алады. Сондай-ақ тиісті хабарлама болған жағдайда қызмет проактивті түрде көрсетіледі төртінші кезең ол өнім берушіні портал арқылы таңдау әлеуметтік әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы таңдау немесе осы мемлекеттік сатып алу.

Министрліктің дерегінше, 2026 жылғы 1 қазанда протездік-ортопедиялық көмекке деген қажеттіліктің 66 пайыздан астамы орындалған. Қалған бөлігі бойынша көрсеткішке бұйымдарды жеке дайындау мерзімі, жеткізушілердің өндірістік мүмкіндіктері және құжаттарды рәсімдеу барысы әсер етеді. Бұл жерде мәселе тек протез санында емес. Құрылғының адамның қажеттілігіне сай келуі, оны уақытында алу және оңалту көмегіне қол жеткізу де маңызды.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ұлан Нарынбек

Сондай-ақ оқыңыз: