Атырау облысында скрининг жүрек ауруын ерте анықтайды
Атырау облысында жүрек ауруына шалдыққандар көбейіп барады. Жыл басынан бері 20 мыңға жуық адам дәрігерге жүгінсе, оның екі мыңнан астамы балалар.
«Жүректегі ақаулық көбінде скрининг кезінде анықталады», - дейді мамандар. Яғни тұрғындарды медициналық тексеруден өткізу жүйелі түрле жүргізіледі. Барлық ауданда кардиологиялық орталықтың бөлімшелері жұмыс істейді. Халық жергілікті жерде ем алады.
Жұмағұл Құлшөрин 2022 жылы Атыраудағы кардиологиялық орталықта жүрегіне ота жасатқан. Қазір жағдайы тәуір. Дегенмен ұдайы дәрігерге көрініп, кеңес алады. Мұнда барлық медициналық қызмет тегін.
Жұмағұл Құлшөрин, емделуші:
- Қазір енді өзінің қаралатын мезгілі бар. Алты ай сайын, бір жыл сайын қаралу есебінде мына «КардиоМед» клиникасына келіп отырмын. Жатуға бола ма, қандай жағдай, қандай дәрі ішуге болады өздері соны маған түсіндіріп айтады.
Орталық күніне 100-120 адамды қабылдай алады. Оларға 6 кардиолог, 2 кардиохирург кеңес береді. Қолданыстағы ультрадыбыстық зерттеу аппараты жүректегі кез келген өзгерісті дәл анықтайды.
Мира Мизамғалиева, кардиолог:
- Күніне мен 30-45 пациентке қызмет көрсетемін. Оның жас ерекшелігі – шамамен 35-тен жоғары. Сондай-ақ біз балаларды да тексеруден өткіземіз. Оған кардиология және мен кардиохирургиялық ем шара кіреді. Соңғы кезде онкологиялық аурулар жиі кездесе бастады. Ол 15 жастан бастап байқалады.
Соңғы жылдары өңірде жүрек ауруына шалдыққандар саны артып отыр. Бірақ ол дерттің дендегені емес, медициналық қызметтің жетілгені,- дейді мамандар. Себебі, бүгінде барлық аудан орталықтарында кардиологиялық орталықтың бөлімшелері жұмыс істеп тұр.
Мейрам Нұғыманов, «КардиоМед» клиникасының директоры:
- Қызылқоға, Құрманғазы, Жылыой аудандары мен Дамбыда біздің «Холтер смарт» деген аппаратымыз тұр. Енді қалаға келіп қажеті жоқ. Сол жақтан поликлиникада ауылдан тағады. Сосын біз оны қашықтықтан оқимыз. Диагноздар сөйтіп қойылады. Қазіргі уақытта жақсы диагностика бар. Мысалы, мен Атырауға келген кезде бүкіл облыста 2010 жылы жүректің УЗИ-ін тек екі адам жасайтын еді. Қазір әр поликлиникада, әр ауданда, жеке клиникаларда, бәрінде де УЗИ жасайды.
Жыл басынан бері атыраулық дәрігерлер 270 ота мен хирургиялық ем-шара жүргізді. Соңғы жылдары жүрекке ашық операция жасау, жүрек қақпақшаларын ауыстыру, сондай-ақ жүрек ырғағының бұзылуын емдейтін жоғары технологиялық медициналық көмектер жергілікті жерде жүзеге аса бастады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин