Медициналық зертханаға арналған жаңа құрылғылар таныстырылды
Астанада медициналық зертханаға арналған жаңа құрылғылар таныстырылды. NATFORLAB-2026 форумына мың жарымға жуық маман қатысты.
Олардың ішінде компаниялармен қатар отандық және халықаралық ұйым өкілдері бар. Бұл – жай ғана көрме емес, бұл – медициналық озық технология алаңы. Көпшілік назарына ұсынылған әрбір жаңа құрылғы зертхана қызметін жетілдіреді. Мәселен, мына иммунохимиялық анализатордың көлемі шағын ғана болғанымен, сағатына 200 тест жасай алады. Сондай-ақ зерттеу ауқымы әлдеқайда кең.
Ілияс Тазабеков, Snibe компаниясының қазақстандағы өкілдігінің басшысы:
- Бұл құрылғының көлемі микротолқынды пештен сәл ғана үлкен. Алайда оның өнімділігі жоғары. Біздің зерттеу және өлшеуге арналған патенттелген жеке жүйеміз бар. Бұл жүйе жоғары дәлдікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар белгілі бір инфекцияны аурудың алғашқы кезеңдерінде-ақ анықтауға мүмкіндік береді.
Көрмеде 26 компания өз өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында әлемдік және отандық тауарөндірушілер бар. Сонымен қатар халықаралық ұйым өкілдері мен сарапшылар келіп, өзара пікір алмасты.
Жанар Сүлейменова, Қазақстан зертханалық қызмет мамандары қауымдастығының президенті:
- Форумға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Еуропалық зертханалық медицина федерациясының, Халықаралық клиникалық химия және зертханалық медицина федерациясының өкілдері келді. Іс-шара аясында бірқатар нормативтік құжат қабылданады. Өйткені мұнда клиникалық-зертханалық диагностиканың стандарттары талқыланады.
Озық технология зертхана мамандарының жұмысын жеңілдетеді. Биологиялық материалды қолмен ұстамай-ақ қашықтан өңдесе, зерттеу нәтижесінің дәлдігі де артады. Көрмеде жаңа құрылғылармен танысқан мамандар осыған көз жеткізді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Абдулхамит Бөлекпаев