Қарағандыда медициналық нысандар жаңғыртылып жатыр
Қарағандыда облыстық онкологиялық диспансердің жаңа операциялық-реанимациялық блокының құрылысы аяқталуға жақын. Заманауи медициналық нысан пайдалануға берілген соң мұнда жоғары технологиялық әдістерді қолдана отырып, күрделі операциялар жасауға мүмкіндік туады. Жобаның құрылысы Арнайы мемлекеттік қорға қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Айта кетейік, былтыр осы қордың қаражаты есебінен өңірдің 51 ауылында медициналық нысан бой көтерді, деп хабарлайды 24KZ.
Облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогының негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазір мұнда заманауи медициналық құрал-жабдықтар орнатылып жатыр. Бұл науқастарға жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ғимаратты салуға арнайы мемлекеттік қорға қайтарылған активтер есебінен 6 млрд теңгеден астам ақша бөлінді.
Гамаль Тоқсамбаев, Қарағанды қаласы №3 Көпсалалы ауруханасының директоры:
— Бұл жаңа корпустың бір қабатында 15 реанимациялық төсек-орын орналасқан. Сондай-ақ жылына 7000 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік беретін 7 заманауи операциялық бөлмелері бар. Яғни науқастарға дер кезінде көмек беруге мүмкіндік береді.
Балқаш қалалық ауруханасына да қайтарылған активтер есебінен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, мекеменің қосымша корпусы салынды. Онда науқастарды жедел қабылдау және операциялық бөлімдері іске қосылды. Аурухана қала мен бірге маңайдағы елді мекендердің халқына және «Алматы-Екатеринбург» тасжолы арқылы өтетін жолаушыларға қызмет көрсетеді.
Серікбол Түсіпбеков, Балқаш қалалық Көпсалалы ауруханасының директоры:
— Жаңадан қабылдау бөлімі мен сонымен қатар бірінші қабатта екі операциялық бөлме ашылды. Бұл біріншісі — шұғыл операция жасау, екіншісі — жүрек-қантамырлары аурулары кезінде операция жасау бөлімшесі ашылды.
Жалпы өңірде соңғы үш жылда ауылдық елді мекендерде 92 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Соның 51-і арнайы мемлекеттік қорға қайтарылған активтер есебінен салынды. Бұл мақсатқа 7 млрд теңге бөлінген. Соның арқасында шалғай жерлерде сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігі артты.
Дарын Қыдыров, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:
— Арнайы қордан қайтарылған сомаға бізде Қарағанды қаласында жаңа 200 орындық перинаталдық орталық жоспарланған. Осы жылға 10 млрд теңге ақша бөлінді. 2029 жылы аяқтау жоспарлануда. Жалпы жоба құны — 53 млрд теңге.
Қорыта айтқанда, Қарағанды облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 65 жоба жүзеге асырылды. Қаржының басым бөлігі денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуға жұмсалды.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит