Екі ортадағы делдал азайып, дәрі-дәрмек тікелей сатып алынады

Фармацевтика саласында делдал азаяды.

Мемлекет өнімдерді зауыттан тікелей сатып алып жатыр. Осы арқылы бюджетті үнемдеуге мүмкіндік туды. Компаниялар арасында бәсекелестікті арттыру үшін бағасы реттелетін тауар түрлерінің кейбірі тізімнен шығарылды. Енді олардың құнын нарықтың өзі қалыптастырады. 

Елде дәрі-дәрмек сататын делдалдар азаяды. Өйткені салада өнімдер зауыттан тікелей сатып алына бастады. Соның нәтижесінде баға төмендейді әрі мемлекет қаражаты үнемделеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, фармацевтикалық компаниялармен келіссөз барысында тауарды бағалаудың бірыңғай тәсілі қолданылып жатыр. Биыл дәрі-дәрмек сатып алу науқанында 36 млрд теңге үнемделген. Сонымен қатар шетелден келетін препараттарды БҰҰ-ға қарасты бірлестіктер арқылы сатып алуға басымдық берілді. Импорттаушылармен тікелей байланыс негізінде тиімді бағада шарттар жасалып, тағы 17 млрд теңге қазынада қалды.

Аукцион арқылы ₸15 млрд үнемделді

Саладағы тағы бір тиімді тетік – бағаны аукцион арқылы төмендету. Әлеуетті кәсіпорындар мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз атану үшін өзара бәсекелесіп, тауарды барынша арзанға ұсынуға тырысады. Осы әдіс арқылы 15 млрд теңге үнемделген. Артылған қаражат игерусіз қалмайды. Ол дәрілік заттарды көбейтуге және науқастарды емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жұмсалады, делінген ведомство жазбасында. Былтыр үнемделген 70 млрд теңге қосымша препараттармен қамтамасыз етуге бағытталған. Соның ішінде онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және аутоиммундық ауруларды емдеуге арналған тегін дәрі-дәрмектер қатарына 7 инновациялық өнім қосылды.

Бағасы реттелетін дәрі-дәрмек тізімі өзгерді

Мемлекет тарапынан бағасы реттелетін дәрі-дәрмек тізімі өзгерді. Енді сомасы 1 АЕК, яғни 4 325 теңгеге дейінгі препараттар тізімге кірмейді. Бұл саладағы бәсекелестікті дамытуға және өнім түрлерін көбейтуге бағытталған. Осыған сәйкес, 1200-ден астам дәрінің бағасын бұдан былай нарықтың өзі қалыптастырады. Ал мемлекеттік реттеуге жататын препараттар тізімінде 1827 өнім түрі қалды. 

1,1 млрд дана дәріге цифрлық таңба басылды 

Фармацевтика саласында заңсыз сауданың жолын кесу үшін тауарға цифрлық таңба қойылып жатыр. Бұл жүйе арқылы зауыттан шыққан өнімнің қайда, қашан жеткізілгенін және қаншаға сатылғанын бақылауға болады. Кейінгі 2 жылда 1,1 млрд дана дәріге цифрлық белгі басылған. Өнім шекті бағадан қымбатқа сатылса немесе қаптамадағы мәлімет тауардың өзімен сәйкес келмесе, тұтынушылар DariKZ мобильдік қосымшасы арқылы шағым білдіре алады.

Сондай-ақ оқыңыз: