Құтырмадан сақтану: мамандар жануар тістеген жағдайда не істеу керегін ескертті

Фото: depositphotos.com

Бүгін – Дүниежүзілік құтырмаға қарсы күрес күні. Мамандар жануар тістеген немесе оның сілекейі тиген жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырады, деп хабарлайды «24KZ».

Құтырма – адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті инфекциялық ауру. Оған сүтқоректілердің барлық түрі шалдығуы мүмкін. Адам ауруды жұқтырған жануар тістегенде, сілекейі зақымдалған теріге немесе шырышты қабыққа түскенде жұқтыруы ықтимал.

Негізгі қауіп төндіретін жануарларға жабайы, қаңғыбас және үйде ұсталатын жыртқыштар, сондай-ақ жарқанаттар жатады.

Аурудың алғашқы белгілеріне дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, мазасыздық, ұйқысыздық және тістелген жерде ауырсыну жатады. Кейін жарық пен шуға сезімталдықтың артуы, құрысулар, судан қорқу, сілекейдің көп бөлінуі, тыныс алудың бұзылуы және салдану байқалуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, клиникалық белгілер пайда болғаннан кейін құтырма дерлік әрдайым өлімге әкеледі. Сондықтан жануармен байланыстан кейін алдын алу шараларын уақытында жүргізу маңызды.

Жануар тістеген жағдайда не істеу керек?

Ең алдымен тістелген немесе сілекей тиген жерді дереу сабынмен мұқият жуып, сумен шаю қажет. Одан кейін мүмкіндігінше тез арада медициналық ұйымға жүгінген жөн.

Дәрігер жануармен болған байланыстың сипатын бағалап, қажет болған жағдайда құтырмаға қарсы вакцинация курсын және басқа да профилактикалық ем тағайындайды.

Симптомдардың пайда болуын күтпей, дәрігер тағайындаған вакцинация курсын өз бетінше тоқтатпау керек.

Құтырмадан қалай қорғануға болады?

·         Үй жануарларын құтырмаға қарсы уақтылы вакцинациялау;

·         қаңғыбас және жабайы жануарлармен байланыста болмау;

·         мінез-құлқы әдеттен тыс жануарды өз бетінше ұстамау және емдеуге тырыспау;

·         құтырмаға күдік туындаған жағдайда ветеринариялық қызметке хабарлау;

·         кез келген тістеу немесе сілекейдің тиюі жағдайында медициналық көмекке дереу жүгіну.

Мамандардың мәліметінше, жануармен байланыстан кейін медициналық көмекке уақытылы жүгіну және профилактикалық шараларды сақтау аурудың алдын алуға мүмкіндік береді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: