Қазақстанда балаларға протездік-ортопедиялық бұйымдар тегін беріледі
Қазақстанда протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж балаларға қажетті бұйымдар тегін беріледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Бұйымдар медициналық көрсетілімдерге сәйкес баланың жеке өлшемімен дайындалады. Көмек тірек-қимыл жүйесінде бұзылыстары бар балаларға көрсетіледі.
Протездік-ортопедиялық көмектің негізгі түрлерінің бірі – ортездеу. Ортез дененің белгілі бір бөлігін ұстап тұруға, тұрақтандыруға немесе дұрыс қалыпқа келтіруге арналған арнайы медициналық бұйым.
Баланың жағдайына қарай табанға, тобыққа, тізе буынына, балтырға, аяқтың толық бөлігіне және қолға арналған ортездер жасалуы мүмкін. Қандай бұйым қажет екенін маман тексеру нәтижесіне қарай анықтайды.
Ортез баланың жеке өлшемі бойынша дайындалады. Бұл ретте мамандар баланың дене бітімі мен қозғалыс ерекшеліктерін ескереді.
Министрлік ата-аналарға ортезді баланың жасына немесе сыртқы белгілеріне қарап өз бетінше таңдамауға кеңес береді. Алдымен маманға жүгіну қажет. Дәрігер баланың жағдайын бағалап, ортездің қажет-қажет еместігін анықтайды. Одан кейін бұйымның түрі таңдалып, баланың жеке өлшемдері алынады.
Протездік-ортопедиялық көмек алуға құқығы бар азаматтарға медициналық көрсетілімдерге және белгіленген тәртіпке сәйкес жеке өлшеммен жасалған бұйымдар тегін беріледі.
Сонымен қатар, егер протездік-ортопедиялық көмек алу үшін басқа елді мекенге бару қажет болса, жол шығындарын өтеу қарастырылған.
Жол шығыны жылына екі реттен артық өтелмейді. Ұсақ протездік-ортопедиялық құралдарды алу кезінде жол ақысы бір рет өтеледі. Сондай-ақ баланы көмек алуға алып барған адамның жол шығыны да бір рет өтеледі.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік қолдау қажеттілікті анықтаудан бастап, маманның кеңесі, жеке өлшем алу, бұйымды дайындау және қажет болған жағдайда жол шығындарын өтеуге дейінгі процесті қамтиды.
Ведомство ата-аналарға балаға ортез немесе басқа да протездік-ортопедиялық бұйым қажет болса, алдымен маманға жүгінуге кеңес береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз