Атбасарда жаңғыртылған ауруханада күрделі операциялар жасала бастады
Ақмола облысының Атбасар қаласында жаңғыртылған көпбейінді ауданаралық аурухана жұмысын бастады. Енді өңірдегі бес ауданның 106 мыңнан астам тұрғыны облыс орталығына бармай-ақ, күрделі операциялар мен мамандандырылған медициналық көмек ала алады, деп хабарлайды «24KZ».
Медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңартылды. Жоба нәтижесінде ауруханадағы төсек саны 154-тен 172-ге дейін артты. Мұнда кардиохирургия, нейрохирургия, эндокринология, урология және балалар хирургиясы бағыттары ашылды.
Ауруханаға ангиограф орнатылған. Оның көмегімен қазірдің өзінде 160-қа жуық операция жасалған. Бұған дейін жіті коронарлық синдромы бар науқастарды Атбасардан 200 шақырымнан астам жердегі облыс орталығына жіберуге тура келген. Енді мұндай пациенттер қажетті медициналық көмекті жергілікті жерде ала алады.
Медициналық кадрлармен қамту да жақсарған. Соңғы екі жылда ауруханаға 51 маман тартылды, оның 22-сі биыл жұмысқа орналасқан. Қазір медициналық мекемеде 85 дәрігер еңбек етеді. Мамандарға қызметтік тұрғын үй және 8,5 млн теңгеге дейін әлеуметтік қолдау қарастырылған.
Жаңғыртылған аурухана бес аудан тұрғындары үшін диагностика мен емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашып, ауыл халқына жоғары мамандандырылған медициналық көмекті жақындатуға мүмкіндік берді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз