Қазақстанда жеті жылда 1259 медициналық нысан пайдалануға берілді
Қазақстанда соңғы жеті жылда 1259 медициналық нысан пайдалануға берілді. Оның 800-ден астамы кейінгі үш жылда салынған, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа нысандардың шамамен 95%-ы ауылдардағы дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер. Соның арқасында 200-ден астам ауыл қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, шамамен 1 млн тұрғын емханаға жақын жерден қаралуға мүмкіндік алды.
Жеті жыл ішінде елде 32 аурухана, 19 емхана және 1196 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт салынды. Сонымен қатар үш ғылыми медициналық орталық пен тағы тоғыз медициналық ұйым пайдалануға берілді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы медициналық көмек көрсететін 655 нысан салынды. Бұдан бөлек, 32 аудандық аурухана жаңғыртылып жатыр. Бұл өңірлердегі диагностика мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Ірі медициналық жобалар да жүзеге асырылды. 2025 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығы, ал Алматыда 350 төсекке арналған Ұлттық инфекциялық аурулар ғылыми орталығы салынды.
Өңірлерде де жаңа нысандар бой көтерді. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауылындағы аудандық аурухана, Риддер қаласындағы көпбейінді аурухана және Ақтаудағы жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысы аяқталды. Алматы облысының Ұзынағаш және Нарынқол ауылдарында ауысымына 250 адам қабылдайтын екі емхана пайдалануға берілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, инфрақұрылымды жаңартудың негізгі мақсаты – сапалы медициналық қызметті халыққа барынша жақындату. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін облыс орталықтарына бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Саланы одан әрі дамыту үшін 2024-2030 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Құжат аясында жаңа көпбейінді ауруханалар салу, ескі ғимараттарды жаңарту және медициналық ұйымдарды заманауи стандарттарға сәйкестендіру көзделген.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз