Қарағанды облысында аутизмі бар балалар үшін орталықтар ашылып жатыр
Бүгінде өңірде осындай диагноз қойылған 575 бала бар. Солардың 78-і Қарағанды қаласында жұмыс істеп тұрған орталықта қажетті көмек алады. Мұнда мамандар балалардың сөйлеу қабілетін жетілдіріп, қарым-қатынас жасауына және күнделікті өмірге бейімделуіне көмектеседі.
Аутизмі бар балалардың дамуына жағдай жасау - орталық мамандарының басты міндеті. Қарағандыдағы бұл орталық өткен жылдың желтоқсан айынан бері жұмыс істейді. Мұнда 4 пен 18 жас аралығындағы балалар қабылданады. Олармен психологтар, дефектологтар, логопедтер және басқа да мамандар жұмыс істейді.
Гүлдана Алданова, қала тұрғыны:
- Мұндағы мамандар білікті әрі кәсіби деңгейі жоғары. Балам көптеген жаңа дағдыны үйренді. Тұрмысқа қажетті қарапайым әрекеттерді де меңгеріп келеді. Мұнда педагогикалық бағытта да жұмыс жүргізіледі. Бала біртіндеп қоғамға бейімделіп, адамдармен қарым-қатынас жасауды үйреніп жатыр.
Орталықта интерактивті және сенсорлы бөлмелер мен шеберхана бар. Балалар мұнда қыш бұйымдарын жасаумен айналысады. Мұндай шығармашылық сабақтар ұсақ моториканы, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Ал орталық аумағында балалардың қимыл-қозғалысын дамытуға арналған алаңдар жабдықталған.
Лиана Киломатова, Аутизмі бар балаларға арналған орталық директорының орынбасары:
- Мұндай орталықтар өте қажет. Олардың саны көбейгені дұрыс. Себебі мұнда балалар білім алып, дамып, қоғамға бейімделеді. Яғни ортаға араласуға мүмкіндік алады. Біздің көптеген тәрбиеленушіміз кейін мектепке барды. Бұл баланың дамуына үлкен әсер етеді.
Орталық Samruk-Kazyna Trust қорының қолдауымен ашылған. Соңғы он жылда қордың қолдауымен өңірде 21 әлеуметтік және қайырымдылық жоба жүзеге асты. Олар денсаулық сақтау, әлеуметтік осал топтарды қолдау және бұқаралық спортты дамыту бағыттарын қамтиды. Бұған бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Әлфия Әдиева, «Samruk-Kazyna Trust» ҚҚ бас директоры:
- 2016 жылдан бері біздің қор қайырымдылық жобаларына 123 млрд теңгеден астам қаражат бағыттап, миллиондаған адамға көмек көрсетті. Ел бойынша 55 оңалту орталығын ашты. 21 мың баланы сапалы оңалту көмегімен қамтып отыр. Біз ерте араласу орталықтарын, аутизмі бар балаларға арналған арнайы орталықтарды сондай-ақ соңғы жылдары айнала аралас заманауи орталықтарды ашып, мамандандырылған көмекті өңірлерде қолжетімді етуге күш салып келеміз.
Қордың қолдауымен Қарағандыда «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылған. Мұнда үш жасқа дейінгі балалардың дамуындағы ерекшеліктерді анықтап, қажетті ем мен оңалту шараларын жүргізеді. Орталық облыстық балалар клиникалық ауруханасының базасында жұмыс істейді. Ал Жарлы ауылында 119 миллион теңгеге көп функционалды спорт кешені салынып жатыр. Жаңа нысан «Әр аулаға спорт» жобасы аясында бой көтеруде.
Рүстем Қайратұлы, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев