Қазақстанда маусымдық тұмаудың алғашқы жағдайлары тіркелді
Қазақстанда А(H1N1)pdm09 маусымдық тұмауының алғашқы бес жағдайы анықталды, деп хабарлайды «24KZ» Денсаулық сақтау министрлігің мәліметіне сүйеніп.
Эпидемиологиялық мониторинг деректеріне сәйкес, тіркелген тұмаудың үш жағдайы Астана қаласында, ал қалған екеуі Маңғыстау облысында анықталған. Зертханалық жағдайда барлығы 834 сынама зерттеліп, оның бесеуінен тұмау вирусы табылған.
Сонымен қатар зертханалық мониторинг басқа да респираторлық вирустардың таралуын көрсетті. Атап айтқанда, риновирустық инфекцияның – 68, бокавирустық инфекцияның – 50, маусымдық коронавирустық инфекциялардың – 47, парагриптің – 32, аденовирустық инфекцияның – 27, респираторлық-синцитиалды инфекцияның – 2 және метапневмовирустық инфекцияның 1 жағдайы тіркелген.
Жалпы, ел бойынша ЖРВИ-мен сырқаттанушылық көрсеткіші 10%-ға төмендеді. Соңғы есепті аптада ЖРВИ-дің 127 266 жағдайы тіркелді. Салыстырсақ, алдыңғы аптада бұл көрсеткіш 140 273 болған еді. Ал қыркүйек айының басынан бері ЖРВИ жұқтырғандардың жалпы саны 760 182-ге жетті, - делінген ресми хабарламада.
Вакцинация науқаны қалай жүріп жатыр?
Ел тұрғындарын тұмауға қарсы тегін екпемен қамтамасыз ету мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға арналған ұсынымдарына сәйкес келетін «Гриппол®️ Плюс» вакцинасының 2,1 миллион дозасы сатып алынды. Қазіргі таңда препарат еліміздің барлық өңіріне толық жеткізілді.
Мәліметтерге сәйкес, 8 қазандағы жағдай бойынша тұмауға қарсы вакцинаны 240 375 адам қабылдап үлгерді.
Ведомство өкілдері қазан айы екпе алу үшін ең қолайлы кезең екенін еске салады. Себебі ағзада тұрақты иммундық қорғаныстың қалыптасуына шамамен екі апта уақыт қажет. Вакцинация тұмаудың ауыр өтуі мен түрлі асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Айта кетейік, бірінші кезекте тегін вакцинация қауіп тобындағы азаматтарға жүргізіледі. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын және жұмыс істейтін азаматтар, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша басқа да санаттар бар.
Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға қарапайым профилактикалық шараларды қатаң сақтауға кеңес береді:
Қолды үнемі жуу, бөлмелерді жиі желдету және науқас адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу. Егер дене қызуы көтеріліп, жөтел немесе тамақ ауруы сияқты белгілер байқалса, дер кезінде үй жағдайында медициналық көмекке жүгініп, өзін-өзі емдеумен айналыспау қажет.
Қазіргі уақытта министрлік эпидемиологиялық жағдайға апта сайын мониторинг жүргізіп, барлық өңірде профилактикалық шараларды жалғастырып жатыр.