Сүт безі обырының алдын алу бойынша скринингтік тексеріс басталды
Еліміздің барлық өңірінде сүт безі обырының алдын алу бойынша скринингтік тексерістер өтіп, нәзік жандылар бейінді дәрігерлерден кеңес алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды 24KZ.
«Әділет» партиясының әйелдер қанаты ұйытқы болған «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясында ақ халаттылар қауіпті дертті ерте анықтауға күш салып жатыр. Өйткені қатерлі ісікпен күресте уақыттың әр сәті қымбат, ал дер кезінде қойылған диагноз – дертті еңсерудің маңызды алғышарты. Мәселен, елордадағы №6 емханада тәулігіне 30-40 әйел маммографиялық тексеруден өтсе, Сәтбаев қаласында 200-ге жуық тұрғын мамандардың көмегіне жүгінген. Ал Жамбыл облысының шалғай ауылдарына жылжымалы медициналық кешендер жетіп, тұрғындардың алысқа сабылмай-ақ денсаулығын тексертуіне жағдай жасалды. Көкшетауда да онколог-маммологтар әйелдермен жүздесіп, аурудың алғашқы белгілері мен қауіп факторларын түсіндірді.
Ақтілек Русланова, емхана дәрігері, онкомаммолог:
– Сүт безі обырының алдын алуда мемлекеттік бағдарлама шеңберінде скринингтен өту аса маңызды. Емхана кабинетінде МӘМС жүйесі арқылы бастапқы диагностикадан бастап биопсияға дейінгі түрлі қызметтерді жасауға мүмкіндік бар.