Жамбыл облысында 100 дәрігер жетіспейді
Жамбыл облысындағы медициналық ұйымдарда 100 дәрігер тапшы.
Сондықтан емханалар зейнет жасындағы ақ халаттылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәселені кезең-кезеңімен шешіп жатқанын айтады. Ол үшін бюджеттен гранттар бөліп, болашақ дәрігерлер даярлап жатыр.
Райхан Айтымбетова Тараздағы №5 емханада жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі. Ақ халатты 9 жыл бұрын зейнетке шықса да, әлі күнге қызмет етіп жүр. Өйткені өңірде дәрігер жетіспейді. Қазір аймақта зейнет жасындағы 180 маман жұмыс істеп жүр.
Райхан Айтымбетова №5 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі
- Зейнеткерлер осындай кезде жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Себебі өзінің білімін келешектегі жас мамандарға беруіміз керек. Оларды үйретуіміз керек. Себебі институтты бітіріп келген кезде олар мынау емхананың бүкіл жұмысын біле бермейді. Бұйрықтарды біле бермейді. Мынау қазір «ДамуМед» бағдарламасымен жұмыс істеп жатырмыз ғой, оның бәрін біледі деп айта алмаймыз.
Қазір өңірдегі медициналық мекемелерде 3684 дәрігер бар. Дегенмен тағы 100 маман қажет. Әсіресе анестезиолог, реаниматолог, радиолог және акушер-гинекологтар тапшы. Кадр тапшылығын азайту үшін соңғы жеті жылда жергілікті бюджет есебінен 72 грант бөлінген. Биыл алғашқы 153 түлек аудандар мен қаладағы медициналық ұйымдарға жұмысқа кірісті.
Замира Ахан, жалпы тәжірибелік дәрігер:
- Жұмыс қызық. Бірақ қызық болғанымен әрбір жұмыстың өзінің қиындығы да бар. Бір күн ішінде біз 15-20 шақты пациентті қабылдаймын. Оның ішінде он шақтысы профилактикалық жұмыс болатын болса, 5-6 бала келеді, екпе жұмыстарын жүргіземіз. Үйге шақырту барысында біз ана мен балаға патронаж жасауға, тексеріс ретінде барамыз.
Басқарма тағы 221 грантты резидентураға бөліп отыр. Осы бағдарлама бойынша оқып келген мамандар келісім-шарт негізінде 5 жыл жұмыс істеуі керек. Оларды қолдау үшін арнайы әлеуметтік төлемдер де қарастырылған.
Айсұлу Құттыбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Қалаға келген мамандарға 800 мың теңге көтерме ақы төленеді. Ауылды жерге барғандарға аса тапшы мамандарға 8 жарым млн, ауылды жерге барған мамандарға 1 млн 200 мың теңге. Бүгінгі таңда біз 8 жарым млн теңгені 5 маманға төледік. Қалғандары 1 миллион 200 және 800 мың теңге көтерме ақыларын алды.
Биыл жергілікті бюджет есебінен 38 жас маманға әлеуметтік төлем берілді. Сондай-ақ дәрігерлерді тұрғын үймен қамту да жолға қойылған.
Авторы Мерей Бает