Атыраудағы емханаларға "Akylmed AI" жүйесі енгізілді
Атырау облысындағы 15 медициналық мекемеде “Akylmed AI” бірыңғай медициналық коммуникациялар жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ.
Жасанды интеллектіге негізделген жүйе дәрігер мен науқастың уақытын үнемдейді.
№6 қалалық емханада 40 мыңға жуық пациент жаңа жүйені пайдаланып үлгерді. “Әсел” виртуалды операторы тәулік бойы жұмыс істейді. “Damumed” медициналық ақпараттық жүйесімен интеграцияланған жүйе тұрғындарды қабылдауға жазып, сұрақтарына жауап береді.
Емхананың тіркеу бөлімінде бұрынғыдай кезек күтіп отырған адам қарасы көрінбейді. Келушілер терминал арқылы өзіне қажет мәліметтерді алады. Кезекші менеджердің міндеті терминалды қалай пайдалануды көрсетеді.
Меруерт Дүйсенова, қала тұрғыны:
- Уақытымызды алып, бұрынғыдай жазылып отырмаймыз. Осы жерде керек врачымызды таңдап, прием уақытын білім жүре береміз. Ертеңге тіркелдім, мысалы. Сағат 11:45-ке.
Емханада жасанды интеллект негізіндегі бірыңғай медициналық коммуникациялар жүйесі іске қосылғалы дәрігерлер мен медициналық қызметкерердің жұмысы жеңілдеген. Бұл жерде негізгі жұмысты роботтар атқарады. Бастысы, тұрғындар үшін ыңғайлы жағдай қалыптасты.
Айдана Есенғалиева, ұйымдастыру және әдістемелік бөлімінің меңгерушісі:
- Бізде шақырушы робот бар және еске салушы робот. Соны осы ситуациялық орталықта саралап отырамыз. Қанша пациент бізге бүгінгі күнге жазылды, нешеуіне телефон соғылды, нешеуі келе алады. Қазір дәрігерлер телефон шалып отырмайды өздерінің уақыттарын алып. Робот автоматты түрде телефон шалады.
40 мыңға жуық тұрғыны бар 3 ықшам ауданға қызмет көрсететін емханада 54 дәрігер еңбек етеді. Олар өзінің дәрігерлік міндетін алаңсыз атқаруда. Жаңа жүйе халықты профилактикалық тексеруге де шақырады. Мұнда жасанды интелект арқылы өзіне өзі қызмет көрсету терминалы бар. Терминал арқылы ақпарат алып, кейбір мәселелерді тіркеу бөліміне бармай, шешуге болады.
Эльмира Мерешева, емхана директорының орынбасары:
- ЖИ дің негізгі мақсаты халыққа сапалы қызмет көрсету және пациентердің жазылуы мен мәселелерін ерте шешуге көмегін тигізуде. Бүгінгі таңда бізде осы ЖИ-мен скринингтен өтетін балалар, ересектерді шақыруға, флюорографиялық тексерістерге шақыруға, ОСМС сақтандыру мәртебесін анықтауға жұмыс атқарудамыз. Оның әрбір күнде өзінің есебі шығып отырады.
Еліміз бойынша бұл жүйе Атырауда алғашқы болып енгізілді. Жоба мемлекет басшысының экономика мен әлеуметтік салаға, оның ішінде денсаулық сақтау саласына жаппай ЖИ енгізу туралы тапсырмасын орындау аясында іске асты. Жаңа жүйеге 15 емхана қосылды. Келесі кезеңде пациенттерге арналған цифрлық сервистерді дамыту қолға алынады.
Авторы Арыстанбек Кенже