Алматыда дәрігерлер салмағы 679 грамм болып туған нәрестені аман алып қалды

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Алматы қаласындағы №2 қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері салмағы небәрі 679 грамм болып туған шала нәрестенің өмірін сақтап қалды. Реанимацияда 70 күн ем алған сәби анасымен бірге палатаға ауыстырылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Ұл бала 2026 жылғы 8 тамызда жүктіліктің 26 аптасы мен 6 күнінде дүниеге келген. Жүктілік кезіндегі асқынуларға байланысты анасы перинаталдық орталыққа шұғыл жеткізіліп, медициналық көрсетілім бойынша кесар тілігі жасалған.
Өмірінің алғашқы минуттарынан бастап нәрестеге қарқынды медициналық көмек қажет болды. Ол 43 күн өкпені жасанды желдету аппаратында болып, кейін тағы 25 күн СИПАП әдісімен тыныс алу қолдауын алған. Мамандар сәбидің жағдайын тәулік бойы бақылап, қажетті ем-дом жүргізген. Ұзақ емнен кейін нәресте реанимациядан шығарылды. Қазір оның салмағы 1 800 грамға жеткен. Туғанына 75 күн болған сәби үш күннен бері анасымен бірге палатада жатыр.

Министрлік мәліметінше, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жаңа туған нәрестелер өлімінің ең төмен көрсеткішіне қол жеткізген. Тірі туған әрбір 1 000 нәрестеге шаққанда бұл көрсеткіш 3 жағдайды құрайды.
Бұл нәтижеге перинаталдық көмекті дамыту, заманауи медициналық технологияларды енгізу және ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру ықпал еткен.


«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз